Жаңа оқу жылы қарсаңында Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ғани Мұратбаев елді мекенінде 600 орындық жаңа №64 жалпы білім беретін мектеп, Біртілек ауылдық округінде 300 орындық жаңа №66 жалпы білім беретін мектеп пайдалануға берілді. Бұл білім ошақтары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерді.
Заманауи талаптарға сай салынған мектептер кең әрі жарық оқу кабинеттерімен, пәндік зертханаларымен, спорт залымен, асханасы мен кітапханасымен оқушыларға сапалы білім алуға барлық жағдайды ұсынады. Сондай-ақ мұнда сенсорлық бөлме, инклюзивті сынып, музыкалық аспаптармен жабдықталған музыка кабинеті, робототехника және STEM зертханасы, би үйірмесіне арналған арнайы кабинет қарастырылған.
Жаңа білім ордасының ашылуы – өңірдегі оқушыларға қолжетімді әрі сапалы білім беру ісін жаңа деңгейге көтеріп, келешек ұрпақтың жан-жақты дамуына зор мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар Абай ауылында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға беру жоспарлануда.
Жаңа мектеп салынған Біртілек ауылдық округінде 1988 жылы 60 оқушыға арнап салынған №17 «Еркіндік» бастауыш мектебінің ғимараты ескірген еді. Сонымен қатар тасымал арқылы осы аймақтан Абай ауылындағы қос мектепке 300-ге жуық оқушы тасымал арқылы қатынап білім алатын еді. Енді оқушылар үшін білім беру мекемесі де жақындап, тасымал қажеттігі туындамайды.
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-qogam/press/news/details/1168804?lang=kk

Добавить комментарий Отменить ответ