
Құрметті аудан тұрғындары!
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Елімізде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы бекітілді. Мемлекет басшысы кешегі өткен Ұлттық құрылтайда мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны туралы айтты.
«Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек», деді президент.
Бүгінде тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге жаңғырған Наурыз мейрамы көпұлтты Қазақстан халқы үшін мерейлі мерекеге айналып, бірлік пен ынтымақтың, саяси тұрақтылықтың нығаюының негізі болды. Былтырғы жыл аудан үшін табысты жыл болды. Ауданымыздың дихандары мол өнім жинады. Басқа салалар бойынша да республика, облыс көлемінде көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Осынау игі жолда еңбек етіп, тер төгіп жүрген баршаңызға тек жақсылық тілеймін. Биыл да білім, денсаулық сақтау мен спорт, әлеуметтік қорғау салаларына тиісті қолдау шараларын істейміз. Әсіресе кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлінетін болады.
Қадірлі келестіктер!
Ұлыстың ұлы күнінде айтылған барлық тілек қабыл болады дейді ата-бабаларымыз. Олай болса, Ұлыстың Ұлы күні құтты болып, әрбір шаңыраққа бақыт, болашаққа деген сенім әкелсін! Бар тілектеріңіз қабыл болып, жерімізде тыныштық, елімізде молшылық болғай! Ақ мол болсын, жыл жемісті болсын, ардақты ағайын!
Ізгі ниетпен,
Келес ауданының әкімі
Жәнібек Ағыбаев
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/981533?lang=kk
Добавить комментарий