ЖЕРЛЕСІМІЗ, АҚЫН ҚАЗЫБЕК ИСА ЖОҒАРЫ МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ

Опубликовано:

Автор:

в категории
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі ақын Қазыбек Иса III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Бұл – ел дамуына, ұлттық руханият пен мемлекеттік қызметке қосқан сүбелі үлесінің жоғары бағалануы.
III дәрежелі «Барыс» ордені — Қазақстан Республикасының мемлекеттілігін, егемендігін нығайту, бейбітшілік, достық пен ынтымақтастықты дамытудағы ерекше еңбегі үшін берілетін жоғары мемлекеттік марапат.
Шардара өңірінің тумасы, жерлесіміздің мұндай биік марапатқа ие болуы – барша аудан жұртшылығы үшін үлкен мақтаныш. Ақын ағамызды шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс пен ел игілігі жолындағы еңбегіне толағай жетістіктер тілейміз!
Айта кетсек, Қазыбек Иса – қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар ақын, қоғам қайраткері. Ол республикалық басылымдарда қызмет атқарып, ұлттық мүдде мен тіл тағдырын көтерген өткір публицист ретінде кеңінен танылды. Бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде елдің әлеуметтік-мәдени дамуына өз үлесін қосып келеді.
Сонымен қатар, ақын Қазыбек Жарылқасынұлы 1998 жылы Республика Президенті стипендиясының иегері атанып, Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығына арналған мүшәйраның бас жүлдесін жеңіп алған. Түркістанның 1500 жылдығына арналған халықаралық мүшәйраның жүлдегері, 2011 жылғы «Шығыс шынары» халықаралық мүшәйрасының І орын иегері.
2008 жылы «Тәтті шөл» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» сыйлығын иеленсе, 2009 жылы Қазақстанның Мәдениет қайраткері атағына ие болды. 2011 жылы «Құрмет» орденімен және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Сонымен қатар «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері.
2014 жылы Сергей Есенин атындағы «Алтын күз» халықаралық сыйлығының Қазақстандағы тұңғыш иегері атанып, «Ақпарат ісінің үздігі» атағын алды. 2015 жылы «Қазақ хандығына – 550 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
Жерлесіміздің мерейі үстем болсын!

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1187167?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *