ӘЗ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУЛЕР

Опубликовано:

Автор:

в категории
Әз Наурыз мерекесі – тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, адамдардың жүрегіндегі мейірім мен құрметтің де жаңғыратын ерекше кезеңі. Осы орайда аудан әкімі Арман Қарсыбаев елге еңбегі сіңген ардақты қарияларды арнайы аралап, жүрекжарды лебізін жеткізді.
Алдымен аудан басшысы Қоссейіт ауылдық округінде тұратын 90 жасқа келген Қарымсақова Үміт апаның шаңырағына барды. Саналы ғұмырын еңбекпен өрген, кезінде озат күрішші атанып, депутат болып ел сеніміне ие болған Үміт апа – бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық жан. Арман Романұлы ардақты ананы келе жатқан әз Наурыз мерекесімен құттықтап, сый-сияпат табыстады. Үміт апа көрсетілген құрметке разы болып, ақ батасын берді.
Мұнан кейін аудан әкімі әлеуметтік желіде «Shardara_apashka» атымен кеңінен танымал Құрбанова Марияхан Талапқызының үйіне барды. Қариялар арасынан шыққан тұңғыш блогер әже атанған Марияхан апа бүгінде Шардараның атын танытып, туризм саласының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Әлеуметтік желі арқылы ТМД елдеріне дейін танылған апамызға аудан басшысы шынайы тілегін арнап, мерекелік сыйын ұсынды.
Сондай-ақ, аудан әкімі 80 жасқа толған, Шардара ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Қалмырзаев Бәкір ақсақалдың шаңырағында болды.
Аудан басшысы ақсақалды әз-Наурыз мерекесімен құттықтап,
— Сіздердің өнегелі өмір жолдарыңыз – біз үшін үлкен мектеп. Сіздер елдің берекесі мен бірлігінің тірегісіздер. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Әрдайым аман болып, ұрпақтарыңыздың қызығын көре беріңіз. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! – деп ізгі тілегін жеткізді.
Өз кезегінде Бәкір ақсақал да ризашылығын білдіріп ақ батасын берді.
Осындай тағылымы мол кездесулер – үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттерді жаңғыртып, ұрпақ санасына ізгілік дәнін себері сөзсіз.
Келе жатқан әз Наурыз мерекесі әр шаңыраққа құт-береке, шаттық пен жылулық әкелсін!
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1187166?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *