Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті ақыны, сыршыл жырдың саңлағы Күләш Ахметованың 80 жылдығына орай «Сезімге толы өлең әлемі» атты әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылық жолы сөз болып, оның қазақ поэзиясындағы орны мен өзіндік қаламгерлік қолтаңбасы туралы тағылымды ойлар айтылды. Кештің шымылдығы ақынның мерейтойына арнайы жолданған Дидар Апбасовтың арнауымен ашылды.
Әдеби кешке жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан журналистер одағының мүшесі Көсемәлі Сәттібайұлы, ақынның өмірлік жары Қайырбек Асанов және ақын Назерке Оңғар Сайлауқызы қатысты. Қонақтар Күләш Ахметованың шығармашылығы, өмір жолы мен азаматтық болмысы туралы естеліктерімен бөлісті.
Әсіресе Қайырбек Асановтың ақынның өмірі мен шығармашылық ізденістері туралы әңгімелері кештің мазмұнын тереңдете түсті. Ақынның жан дүниесі мен шығармашылық болмысын жақыннан таныған жарының естеліктері көрермендерге Күләш Ахметованың тұлғалық қырларын кеңірек танытты.
Кеш барысында орталық жанындағы үйірме оқушылары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, оның нәзік лирикасы мен сырлы жырларын көпшілікке ұсынды. Жас буынның өнер көрсетуі ақын мұрасының кейінгі ұрпаққа да жақын екенін аңғартты.
Әдеби-сазды кештің музыкалық бөлімінде жыршы-термеші, үйірме жетекшісі Сәрсенбай Абылқайыр «Сен мені шақырдың ба?» шығармасын орындады. Ал шара соңында Бекарыс Көштаевтың «Адал жүрек» шығармасы кештің әсерлі түйініне айналды.
Күләш Ахметованың 80 жылдығына арналған тағылымды кеш ақынның рухани мұрасын дәріптеп, сырлы жырларын жас ұрпаққа танытуға бағытталды. Ақынның өнегелі өмір жолы мен поэзиясы қазақ әдебиетінің рухани қазынасын байыта бермек.
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1308222?lang=ru

Добавить комментарий