
Отырар ауылында тұрғындарға қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру және ел тарихын ұлықтау бағытында жаңа нысандар ел игілігіне берілді. Атап айтқанда, ауылда жаңа орталық саябақ ашылып, Кеңес Одағының Батыры Темірбек Ибрагимовке арналған ескерткіш орнатылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, аудандық қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, батырдың туыстары, ауыл тұрғындары мен жастар қатысты.
Салтанатты шара барысында ақын, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, «Игілік ата» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жазушы Нәсен Қожабаев, Кеңес Одағының Батыры Темірбек Ибрагимовтің туысы Еркін Мұсаханов, Отырар ауданының «Құрметті азаматы» Мүтәлхан Әбилаханов, Отырар ауданының құрметті азаматы Мырзахмет Темірбеков, Түркістан облысының «Құрметті азаматы», «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Серікбай Ибадуллаев құттықтау сөз сөйлеп, игі бастамаға жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Жаңа саябақтың ашылуы және батыр ескерткішінің бой көтеруі Отырар ауылының қоғамдық кеңістігін жаңғыртып, тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-qogam/press/news/details/1300862?lang=ru

Добавить комментарий