
Жартытөбе ауылында ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа жобалардың бірі қолға алынып, «JARTYTOBE BROYLER» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өз жұмысын бастады.
Кооперативтің мақсаты – құс шаруашылығын жүйелі түрде дамыту. Атап айтқанда, бройлер тауықтарын, күркетауық және басқа да ауыл шаруашылығы құстарын өсіріп, одан алынатын өнімдерді өндіру және өткізу бағытында жұмыс жүргізу көзделген.
Жартытөбе ауылына арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысып, кәсіпкерлік нысанның өндірістік мүмкіндіктерін мұқият аралап көрді. Жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарды, құс өсіру мен өнім өндіру барысын көріп, кәсіп иесінің жоспарларына назар аударды.
Аудан басшысы ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және тұрғындардың өз кәсібін бастауына жағдай жасау ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Кәсіпкерлік дамыған жерде жұмыс орындары көбейіп, жергілікті өндіріс қалыптасады. Әсіресе ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашып, мемлекет тарапынан беріліп отырған қолдау тетіктерін тиімді пайдалануы маңызды. Құс шаруашылығы – сұранысы тұрақты бағыттардың бірі. Басталған істің ауқымын кеңейтіп, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік мол, – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Айта кетейік, жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлік бастаманы дамыту мақсатында құс өнімдерін қайта өңдеу жобасы бойынша 30 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алынған. Бұл қаражат өндірістік базаны қалыптастырып, құс шаруашылығын жолға қоюға мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда өндірістік кооперативте бройлер тауықтарын өсіру жұмыстары жүргізіліп, құс етін және жұмыртқаны өткізу ісі жолға қойылған. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, өнім түрлерін көбейту, құс шаруашылығын кеңейту және жергілікті нарықтағы сұранысты өтеу бағытында жұмыстарды жалғастыру жоспарлануда.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-suzak/press/news/details/1293063?lang=ru

Добавить комментарий