Құрметті қазақстандықтар!
Баршаңызды мейірімге толы Отбасы күнімен құттықтаймын!
Қазақ халқының дүниетанымында шаңырақ сөзі қашанда басты құндылықтардың бірі саналған. «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» деген нақыл сөзі ұлттық болмысымызды айқын көрсетеді. Мемлекет басшысы отбасының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Отбасы құндылықтарын нығайту – тұрақты қоғам қалыптастырып, елдің жарқын болашағын қамтамасыз етудің маңызды шарты. Себебі адамның жауапкершілігі, азаматтық көзқарасы, елге деген сүйіспеншілігі сияқты игі қасиеттер алдымен отбасында қалыптасады. Жаңа Конституцияның қабылдануы отбасы институтын қорғауға және оның қоғамдағы рөлін күшейтуге жол ашты. Ата заңда отбасын қорғау, тарихи және мәдени мұраны сақтау, адамгершілік құндылықтарды дәріптеу бағытындағы нормалар күшейтілді. Еліміз үшін де отбасының амандығы мен тұрақтылығы әрқашан маңызды. Әсіресе қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету, балалардың жақсы жағдайда өсуіне мүмкіндік жасау, ата-аналардың еңбек етіп, өз отбасын қамтамасыз етуіне жағдай қалыптастыру әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Осынау айтулы күнде әр отбасыға амандық, ортаймас бақ-ырыс пен татулық тілеймін! Шаңырақтарыңыз биік, керегелеріңіз кең болсын!
Құрметпен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-zhetysu/press/news/details/1290737?lang=ru

Добавить комментарий Отменить ответ