Мерекелік кештің шырайын елге танымал өнер иелері Абзал Үтешов пен Баян Сұлу есімді әншілердің өнер көрсетуі аша түсті. Көпшілікке өздерінің әуезді дауысы, сырлы сазы мен ұлттық нақыштағы шығармаларымен танылған өнерпаздар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Абзал Үтешов – қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, түрлі республикалық өнер байқауларында танылып, көрермен ықыласына бөленген әнші. Оның орындауындағы патриоттық, лирикалық және заманауи әндер тыңдарман жүрегінен орын алып, ел сахналарында кеңінен шырқалып келеді.
Ал Баян Сұлу – нәзік үні мен сахна мәдениеті арқылы халықтың ыстық ықыласына ие болған өнер иесі. Әншінің орындауындағы ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті арқау еткен шығармалары көпшілікке жақсы таныс.
Өнерпаздардың орындауындағы әндер бұл кештің мазмұнын байытып қана қоймай, Шардара халқының қуанышымен, тарихи сәттің маңызымен үндесті. Өнер – халықтың рухын көтеретін, ел бірлігін нығайтатын құндылық. Осы күні әуезді ән мен ақжарма тілек, игі бастама мен халық қуанышы бір арнаға тоғысып, ерекше мерекелік атмосфера қалыптастырды.
Шағалалы Шардара үшін бұл күн – тек жаңа ауызсу жүйесінің іске қосылған күні ғана емес, елдің береке-бірлігін, жасампаз еңбегін және болашаққа деген сенімін айшықтаған тарихи күн болып қалмақ.
Туған жердің дамуына бағытталған әрбір игі іс – халықтың ертеңіне салынған берік негіз. Таза ауызсу – өркениетті өмірдің басты көрсеткіші болса, осындай ауқымды жобалар Шардараның жаңа белестерді бағындыруына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және кейінгі ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыруға қызмет ете береді.
«Жайнай бер, Шағалалы Шардара!» атты мерекелік кеш те осы үлкен қуаныштың жарқын жалғасы болып, елдің еңсесін көтерген, туған жерге деген мақтаныш сезімін арттырған тағылымды шараға айналды.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1290468?lang=ru

Добавить комментарий Отменить ответ