
Иса Қазыбек Жарылқасынұлы 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы (бұрынғы Киров ауданы), Бірінші май ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Шардара ауданы, Қызылқұм ауылындағы орта мектепті бітіріп, Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетіне түседі. 1984 жылы институтты бітірген соң Шардара ауданы, Қызылқұм орта мектебінде еңбек жолын бастайды.
1991 жылы қаңтар айында Алматыдағы алғашқы демократиялық басылым «Жас қазақ» газетіне бөлім меңгерушісі болып ауысады. 1993 жылы «Өркен» газетінде бөлім редакторы болып істейді. 1998 жылы «Қазақпарат» баспа корпорациясында вице-президент болып қызмет етеді.
2000 жылдан бастап, «Жас қазақ үні» газетінің тұңғыш бас редакторы – директоры болып еңбек етеді. 2009 жылдан бері «Жас қазақ үні» газеті Бас директоры – Редакторлар кеңесі төрағасы. Сонымен қатар «Жұлдыздар құпиясы» журналы бас редакторы және «Тұран» баспасының директоры.
Алғашқы өлеңдер топтамасы 1984 жылы «Аудитория» студенттер жинағы мен 1989 жылы «Тоғыз тарау» жинағына кірді. Тұңғыш жеке кітабы 1995 жылы «Керімсал» деген атпен жарық көріп, жырсүйер қауымның жылы бағасын алды. 2002 жылы «Қызыл жыңғыл» кітабы шықты. 2008 жылы «Тәтті шөл» жыр кітабы жарық көрді. Бірнеше республикалық мүшәйралардың бірінші жүлдегері.
2008 жылы «Тәтті шөл» кітабы үшін Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты атанды. 2009 жылы Қазақстанның Мәдениет қайраткері атағына ие болды. «Құрмет», «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері. Қазақ қаламгерлері арасынан тұңғыш болып «С.Есенин атындағы алтын медаль» иегері болды. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Бірнеше ән текстерінің авторы.
Ақын әрі публицист ретінде ол қазақ әдебиеті мен ұлттық руханияттың дамуына атсалысып, тарихи тұлғалар, туған жер тағдыры, ел өмірі мен қоғам мәселелері туралы шығармашылық және публицистикалық еңбектер жазды.
Қазыбек Жарылқасынұлы қоғам қайраткері, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің VII, VIII шақырылымдарының депутаты ретінде, заң шығару қызметіне қатысып, қоғамның әлеуметтік-мәдени дамуы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды сақтау және тарихи-мәдени мұраны насихаттау бағыттарындағы мәселелерді көтерді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 9-бабында бекітілген мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тіл саясаты саласындағы заңнамалық талаптарды жүзеге асыру бағытында қоғамдық жұмыстар жүргізіп келеді.
Туған жері – Шардара ауданымен байланысын үзбей, өңірдің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына қатысты мәселелерге назар аударып келеді. Парламент депутаты ретінде аудан тұрғындарын толғандырған су ресурстары, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, әлеуметтік даму бағытындағы мәселелерді республикалық деңгейде көтеруге атсалысты.
Сонымен қатар аудан тұрғындарымен кездесулер өткізіп, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін мемлекеттік органдарға жеткізуге үлес қосып келеді. Мәдени-рухани іс-шараларға қатысып, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға қолдау көрсетуде.
Қазыбек Жарылқасынұлының қоғамдық және шығармашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық бастамаларды қолдауға, мемлекеттік тіл мен ұлттық мәдениетті дамытуға, елдік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Ол – туған жерінің мәселелерін мемлекеттік деңгейде көтеріп жүрген ақын, публицист және қоғам қайраткері. Оның шығармашылық мұрасы мен қоғамдық қызметі Шардара өңірінің рухани дамуына қосылған үлес ретінде бағаланады.
Туған жерге деген адалдығы мен ел болашағына деген жанашырлығы Иса Қазыбек Жарылқасынұлын Шардара өңірінің мақтанышына, елдік мүддені ұлықтаған көрнекті тұлғалардың біріне айналдырды.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1290464?lang=ru

Добавить комментарий