КЕЛЕСТЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ БАСТАЛДЫ: АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ ҮНІ ЕСТІЛДІ

Опубликовано:

Автор:

в категории
Келес ауданында 1 қыркүйек – Білім күніне орай алғашқы қоңырау салтанаты өтті. Айтулы күні аудан мектептерінде білім алушыларға жаңа оқу жылына жол ашылып, ұстаздар мен ата-аналар, оқушылар мерекелік шарада бас қосты.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Абай ауылындағы №65 жалпы білім беретін мектебінде ұйымдастырылған алғашқы қоңырау салтанатына қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Білім – елдің ертеңін айқындайтын ең басты құндылықтардың бірі. Бүгін мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін бұл күн – үлкен өмірге жасалған алғашқы қадам. Ал білім жолындағы әрбір жетістік – ұстаздың еңбегі мен ата-ананың қолдауының нәтижесі. Жаңа оқу жылында барлық шәкірттерге сапалы білім, биік белестер мен толағай табыстар тілеймін. Ұстаздарға еңбектеріңізге шығармашылық шабыт пен абырой, ата-аналарға отбасылық амандық тілеймін, – деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев.
Салтанатты шара барысында мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге ерекше құрмет көрсетіліп, алғашқы қоңырау соғылды. Мерекелік шарада оқушыларға ізгі тілектер айтылып, жаңа оқу жылына сәттілік тілегі білдірілді.
БІЛІМ САПАСЫ – БАСТЫ БАҒЫТ
Бүгінде Келес ауданында 165 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 95 мектепке дейінгі және 70 орта білім беру ұйымы бар. Мектептерде 34 252 оқушы, ал мектепке дейінгі ұйымдарда 10 547 тәрбиеленуші білім алуда.
Ауданда білім сапасының тұрақты өсімі байқалады. 2023–2024 оқу жылында білім сапасы 49,4 пайызды құраса, 2024–2025 оқу жылында 54,3 пайызға, 2025–2026 оқу жылында 56,2 пайызға жетті. Осылайша соңғы үш оқу жылында білім сапасы 6,8 пайызға артқан.
Оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткіштері де көңіл қуантады. Биыл 1899 түлек ҰБТ-ға қатысып, оның 571-і мемлекеттік грант иегері атанды. Сонымен қатар 108 оқушы «Алтын белгі», 189 оқушы «Үздік аттестат» иеленді.
Оқушылардың республикалық олимпиадалар мен түрлі байқаулардағы жетістіктері де артып келеді. №5 мектептің оқушысы Өмірхан Умурзаков ҰБТ-дан 137 балл жинады. Бұдан бөлек, 500-ге жуық дарынды оқушы «Олимпиадалық резерв мектебі» аясында арнайы дайындықтан өтті.
ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ – ҰЛЫ ЕҢБЕК
Ауданның білім саласында бүгінде 3965 педагог еңбек етеді. Ұстаздар облыстық және республикалық деңгейдегі кәсіби байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп, білім беру саласының дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді.
№31 және №32 мектеп директорлары Қамбарова Ақмарал мен Әбдірайым Сұңқар облыстық «Debate Pro: Заманауи көшбасшы» байқауының жеңімпаздары атанды.
Ал №23 «1 Мамыр» мектебінің мұғалімі Қудиярова Айгүл Төлебайқызы және №46 Абай атындағы мектеп мұғалімі Маханова Гүлзада Искендерқызы «Алтын тұғыр» республикалық олимпиадасында ІІ орын иеленді.
Сондай-ақ ауданның ардагер ұстазы Сәрсенбеков Амалбек Әбдетұлы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
МЕКТЕПТЕРДІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ БАЗАСЫ ЖАҢАРУДА
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда.
2025 жылы аудан мектептерін жаңғырту және жөндеу жұмыстарына 1,3 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 30 жаңа пәндік кабинет пайдалануға беріліп, мектептердің жылыту жүйелері жаңартылды.
Алдағы кезеңде мектептердің компьютерлік техникасын жаңарту, күрделі жөндеу жұмыстарын жалғастыру және оқушы орны жетіспейтін білім беру ұйымдарында жаңа ғимараттар салу жоспарланып отыр.
Жаңа оқу жылы – жаңа мақсаттар мен жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Келес ауданында білім саласына жасалып жатқан қолдау мен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде оқушылардың білім сапасын арттыру, ұстаздардың кәсіби әлеуетін көтеру және заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1287258?lang=ru


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version