Келес ауданында ұстаз еңбегін ұлықтаған тағылымды шара өтті. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев білім саласында 35 жылға жуық еңбек етіп, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз Базарқұлова Гүлмира Аманжолқызына «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» наградасын салтанатты түрде табыстады.
Гүлмира Аманжолқызы – бастауыш білім беру саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған білікті педагог. Ол №33 «Жуантөбе» жалпы білім беретін мектебінде 28 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ұстаздық жолын 1997 жылы бастаған Гүлмира Аманжолқызы кәсіби білімі мен тәжірибесін үнемі жетілдіріп, директордың орынбасары және мектеп директоры қызметтерін де атқарған.
Оның еңбегі аудандық, облыстық және республикалық деңгейде бірнеше мәрте бағаланған. 2015 жылы «Облыстың үздік мұғалімі» атанса, 2021 жылы «Қазақстанның жыл мұғалімі» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Шәкірттері де түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындардан көрініп келеді.
Ұстаз ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, «Ұлағатты ұстаз» және Ыбырай Алтынсарин төсбелгілерімен марапатталған. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев марапат иесін құттықтап, ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі үшін алғысын білдірді.
– Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына салынған ең үлкен инвестиция. Бұл марапат – сіздің көп жылғы еңбегіңізге, кәсіби шеберлігіңізге және ұстаздық жолдағы табандылығыңызға берілген лайықты баға, – деді аудан әкімі.
«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» наградасы – ұстаздық жолды өмірлік мұрат еткен маман еңбегінің ел алдындағы жоғары бағасының айқын көрінісі.
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1287261?lang=ru

Добавить комментарий Отменить ответ