
Бүгін мектеп ауласына асыға жеткен әр баланың жүрегінде – арман, ата-анасының жүзінде – толқыныс, ал ұстаздардың жанарында – үлкен үміт бар. Өйткені 1 қыркүйек – жай ғана жаңа оқу жылының басталуы емес, мыңдаған баланың болашағына бастар алғашқы қадамы жасалатын ерекше күн.
Кеше ғана ата-анасының қолынан жетектеп жүрген бүлдіршін бүгін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, қолына кітап ұстап, үлкен өмірге жол ашатын білім әлеміне қадам басады. Ал жоғары сынып оқушылары үшін бұл күн – алға қойған мақсаттарына тағы бір қадам жақындайтын жаңа белестің бастауы.
Білім – ұлттың болашағын қалыптастыратын ең үлкен күш. Сондықтан әр баланың сапалы білім алуы, арманына қанат бітіруі – баршамызға ортақ міндет әрі үлкен жауапкершілік.
Осы айтулы күні баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен, жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Келес ауданында білім саласын дамытуға, жас ұрпаққа сапалы білім мен қолайлы жағдай жасауға айрықша мән беріліп келеді. Бүгінде ауданымызда 70 орта білім беру ұйымында 34 мыңнан астам оқушы білім алуда. Соңғы үш оқу жылында білім сапасы 49,4 пайыздан 56,2 пайызға дейін өсіп, оң динамика қалыптасты.
Бұл – ұстаздарымыздың қажырлы еңбегінің, ата-аналардың қолдауының және оқушыларымыздың талпынысының жемісі.
Құрметті ұстаздар!
Сіздер – шәкірт жүрегіне білім шырағын жағып, олардың бойына елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіріп жүрген ардақты жандарсыздар. Еңбектеріңізге шығармашылық табыс, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Қымбатты оқушылар!
Армандарыңыз асқақ, мақсаттарыңыз айқын болсын! Білімге ұмтылып, әр мүмкіндікті тиімді пайдаланыңыздар. Сіздердің әрбір жетістіктеріңіз – ата-аналарыңыздың қуанышы, ұстаздарыңыздың мерейі, туған жеріміздің мақтанышы.
Ал мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып оқушыларына ақ жол тілеймін! Бүгінгі алғашқы қадамдарыңыз – ертеңгі үлкен жеңістеріңіздің бастауы болсын!
Жаңа оқу жылы баршаңызға жаңа белестер, жарқын жетістіктер мен толағай табыстар әкелсін!
Білім күні құтты болсын!
Ақ жол, жас ұрпақ! Армандарыңыз асқақ болсын!
Ізгі ниетпен,
Келес ауданының әкімі
Жәнібек АҒЫБАЕВ
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1287257?lang=ru

Добавить комментарий