
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда Отырар ауданында оқушыларға қолдау көрсету мақсатында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Ізгі бастама аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының тапсырмасына сәйкес аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен жүзеге асырылды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы, Дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, сондай-ақ «Түркістан мақта» ЖШС өкілі және «Лихуа» компаниясының директоры Сюй Цзе қатысып, оқушыларға жылы лебіздерін білдірді.
Шара барысында қонақтар балаларды жаңа оқу жылымен құттықтап, білім жолында табысты болуларына тілектестік білдірді. Оқушыларға оқу жылына қажетті жаңа мектеп формалары мен мектеп сөмкелері табысталды.
Қайырымдылық шарасы балалардың көңіл күйін көтеріп, мерекелік әсер сыйлауға да бағытталды. Бағдарлама барысында бүлдіршіндерге арналған қызықты қойылымдар көрсетіліп, түрлі көңілді ойындар ұйымдастырылды. Балаларға ойыншықтар тарту етіліп, олар үшін ерекше мерекелік атмосфера қалыптасты.
«Мектепке жол» акциясының басты мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік жағдайына байланысты қажетті оқу құралдары мен мектеп киімдерін алуға балаларға қолдау көрсету. Мұндай шаралар оқушылардың мектепке алаңсыз барып, оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен бастауына ықпал етеді.
Балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау, олардың жан-жақты дамуына қолдау көрсету – қоғамның ортақ міндеті. Осы ретте кәсіпкерлер мен демеушілердің әлеуметтік жауапкершілік танытып, қайырымдылық бастамаларға тұрақты түрде қолдау көрсетуі маңызды.
Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы – қоғамдағы өзара көмек пен жанашырлықты нығайтып, балаларға қамқорлық көрсетуді мақсат ететін игі дәстүр.
Әрбір балаға көрсетілген қолдау – оның болашағына жасалған маңызды қадам. Акцияға қолдау көрсеткен барша кәсіпкерлер мен қолы ашық, жаны жомарт барша азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз!

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1282609?lang=ru

Добавить комментарий