ОТЫРАРДА СПОРТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Опубликовано:

Автор:

в категории

Спорт – ұлт саулығын нығайтып, елдің рухын көтеретін маңызды салалардың бірі. Дені сау ұрпақ қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту және жастарды салауатты өмір салтына баулу – ауданның әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі.

Бүгінде Отырар ауданында спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ауданда заманауи спорттық-сауықтыру кешендерімен қатар, ашық спорт алаңшалары салынып, тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасалуда. Соның нәтижесінде отырарлық спортшылар облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, аудан абыройын асқақтатып келеді.

Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесін атап өту және спорт саласында еселі еңбек етіп жүрген азаматтарды ұлықтау мақсатында Шәуілдір ауылындағы орталық алаңда спорт саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шараға спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар, сала мамандары мен спорт жанашырлары қатысты.

Жиында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы спорт саласының қызметкерлері мен спортшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, аудан спортының дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға марапаттар табыстады.

Аудан әкімі өз құттықтауында Отырарда спорт саласын одан әрі дамыту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру және жас спортшыларға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ спортшыларымыздың елдік және халықаралық жарыстардағы жеңісті жолы жалғаса беріп, жаңа биіктерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.

Салтанатты жиында түрлі спорттық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, аудан мерейін үстем еткен спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбегі де ерекше атап өтілді. Бірқатар сала мамандарына облыс әкімінің орынбасарының және Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының марапаттары табысталды.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1281622?lang=ru


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *