Түркістан облысының Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан «Ecoculture-Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешені өңірдегі ең ірі инвестициялық жобалардың біріне айналуда. Заманауи технологиялармен жабдықталған кешен бүгінде алғашқы нәтижесін беріп, ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруде.
Жылыжай кешенінің алғашқы 6,25 гектарлық блогына 2025 жылдың қазан айында «Климон F1» сұрыпты қызанақ көшеттері отырғызылды. Небәрі бірнеше айдың ішінде көшеттер толық өнім беріп, 2026 жылдың ақпан айынан бастап алғашқы қызанақ жинала бастады. Қазіргі таңда жылыжайдан 2 мың тонна, яғни 2 миллион келі сапалы қызанақ өнімі өндірілді.
Құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасуда. Биылғы күзде тағы 37,5 гектар жылыжай пайдалануға берілмек. Нәтижесінде жыл соңына дейін жобаның бірінші кезеңі аясында жалпы көлемі 50 гектардан астам өндірістік жылыжай іске қосылады. Бұл өндіріс көлемін бірнеше есеге арттырып, ішкі нарықты сапалы көкөніспен қамтуға және экспорттық әлеуетті күшейтуге жол ашады.
Жобаның алғашқы кезеңі 51,26 гектар аумақта жүзеге асырылып, оған 42 миллиард теңге инвестиция бағытталған. Кешен толық қуатына шыққанда жылына 27 мың тоннаға дейін қызанақ өндіру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда кәсіпорында 130 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, жоба толық іске асқанда мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
«Ecoculture-Eurasia» жылыжай кешені – Келес ауданындағы инвестициялық ахуалдың жақсарып, ауыл шаруашылығының жаңа технологияларға негізделген өндіріс моделіне көшіп келе жатқанын көрсететін маңызды жоба. Мұндай ауқымды бастамалар өңір экономикасын әртараптандыруға, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қоспақ.
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1280045?lang=ru

Добавить комментарий Отменить ответ