Келес ауданында жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев «Дамона» ЖШС қолға алған 100 МВт қуатты күн электр станциясының құрылыс жобасымен танысты.
Жобаның жалпы құны – 50 млн АҚШ доллары. Күн электр станциясы 206,4 гектар аумақты қамтиды. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы жүргізіліп, жоба аясында 20 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Келес ауданының шекаралық аумақта орналасуы, сондай-ақ халықаралық және өңірлік маңызы бар күре жолдардың аудан аумағы арқылы өтуі оны инвестиция тартуға қолайлы өңірлердің біріне айналдырып отыр. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы өндірістік және энергетикалық жобаларды көбейтуге басымдық берілуде.
Нысанды аралау барысында аудан әкімі жобаның жүзеге асу барысына назар аударып, жауапты мамандармен пікір алмасты.
«Келес – шекаралық орналасуы мен көлік қатынасына қолайлы жағдайы бар аудан. Мұндай әлеуетті тек сауда-логистика бағытында ғана емес, энергетика секілді жаңа өндірістік салаларды дамытуда да тиімді пайдалануымыз қажет. Инвесторларға қолайлы жағдай жасап, жобалардың белгіленген мерзімде іске қосылуын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі», – деді Жәнібек Ағыбаев.
Жаңа күн электр станциясының іске қосылуы ауданның энергетикалық әлеуетін арттырып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1280050?lang=ru

Добавить комментарий Отменить ответ