2027–2029 жылдардың бюджетінде инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салу қарастырылған
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2027–2029 жылдардың бюджетінде инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салу қарастырылған, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің телеграм арнасы.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов экономикалық өсу мен бюджет қаражатын тиімді пайдаланудың бекітілген көрсеткіштеріне қол жеткізу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
«Экономикалық өсім бойынша бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізу және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. 7 айда экономиканың өсуі 4,1% болды. Жыл қорытындысы бойынша Жалпы ішкі өнімнің кемінде 5% өсімін қамтамасыз етуіміз қажет. Болжамда экономикадағы қазіргі жағдай, дамудың сыртқы факторлары және халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен сыртқы нарықтардағы ахуалға қатысты бағалаулары ескерілген. Республикалық бюджет туралы заң жобасы халықты әлеуметтік қамтамасыз ету және экономикалық өсімді ынталандыру міндеттерін шешу кезінде макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау қажеттілігін есепке ала отырып әзірленді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
2027–2029 жылдарға арналған бюджеттің негізгі басымдықтарының бірі – инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салу. Мемлекеттік ресурстар халық алдындағы міндеттемелерді орындауға, өңірлерді дамытуға жұмсалуға тиіс.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2027–2029 жылдарға арналған бюджеттің негізгі басымдықтарының бірі – инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салу. Барлық мемлекеттік органдарға еліміздің белгіленген әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырамын. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеті – жұмсалған әрбір теңгеден түсетін табысты арттыру, ресурстарды мемлекеттік міндеттемелерді орындауға, экономиканы, өңірлерді және адам капиталын дамытуға бағыттай отырып, қаржылық тәртіпті күшейту», – деп тапсырды Премьер-министр Олжас Бектенов.
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-temir-kenkiyak/press/news/details/1279531?lang=ru

Добавить комментарий Отменить ответ