
Отырар ауданында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай «Жастар – жаңа дәуірдің жарқын болашағы» атты мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік кештің негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру, ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамдық белсенділігін арттыру және жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау болды.
Іс-шара Темір ауылының орталық алаңында ұйымдастырылып, мерекелік алаң жастардың рухына сай безендіріліп, заманауи және патриоттық әуендермен сүйемелденді.
Мерекелік бағдарлама аясында жастар арасында «Арқан тарту», «Гір тасын көтеру», «Ләңгі тебу» сынды ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өздерінің ептілігі мен шеберліктерін сынады. Ұлттық ойындарға белсенді қатысқан жастарға көрермендер де қолдау көрсетті.
Жиынға арнайы қатысқан Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов жастарды төл мерекесімен құттықтап, елдің болашағы саналатын жас буынға шығармашылық ізденіс және жаңа жетістіктер тіледі.
Іс-шара барысында қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып жүрген ауданның белсенді жастары арнайы дипломдармен марапатталса, ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы медальдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Мерекелік кештің жалғасы гала-концертке ұласып, ауылдың өнерпаз жастары мен мәдениет қызметкерлері патриоттық әндер, халық әндері, заманауи эстрадалық шығармалар және би қойылымдарын көпшілік назарына ұсынды.
Кеш соңында жастар үшін Open Air форматындағы мерекелік би кеші ұйымдастырылып, заманауи әуендер әуелеп, жастар мерекені көтеріңкі көңіл күймен қорытындылады.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1274657?lang=ru

Добавить комментарий