Кез келген мемлекет үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық қоғамдық қатынастардың дамуына кері әсер етіп қана қоймай, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін төмендетеді, заң үстемдігі қағидаттарына нұқсан келтіреді және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне әсер етеді. Сондықтан бұл келеңсіз құбылыстың алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізу қажеттігін үнемі атап келеді. Заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігін арттыру, қоғамда адалдық қағидаттарын орнықтыру – осы бағыттағы негізгі міндеттер болып табылады.
Сарыағаш ауданында да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру және профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, қызметтік әдеп талаптарын сақтау мен заң талаптарын мүлтіксіз орындауға ерекше көңіл бөлінуде.
Азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында қызметтердің басым бөлігі электрондық форматқа көшірілген. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етіп, артық әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді. Жер қатынастары, құрылыс және өзге де мемлекеттік қызметтер бойынша өтініштерді электрондық түрде қабылдау сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің тиімді тетіктерінің бірі болып отыр.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында басшылардың қабылдау кестелері мен сенім телефондары тұрғындар үшін қолжетімді орындарға орналастырылған. Сенім телефондары: 8 (72533) 5-94-75, 8 (747) 700-07-92. Азаматтар өз өтініштері мен ұсыныстарын осы байланыс нөмірлері арқылы жолдай алады.
Қазақ халқы қашанда әділдік пен адалдықты жоғары бағалаған. Ел басқарған билеріміз бен даналарымыздың өнегелі жолы бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Сондықтан қоғамда парасаттылық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту әрбір азаматтың азаматтық ұстанымына айналуы тиіс.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес бір ғана мемлекеттік органның немесе жекелеген тұлғалардың міндеті емес. Бұл – мемлекет пен қоғамның ортақ ісі. Баршамыз заң талаптарын қатаң сақтап, адалдық пен әділдік қағидаттарын басшылыққа алған жағдайда ғана құқықтық мемлекет құру жолындағы мақсаттарға қол жеткізе аламыз.
Арман АБДУЛЛАЕВ, аудан әкімі
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1274572?lang=ru

Добавить комментарий Отменить ответ