
«АБАЙ ӘЛЕМІ: ОЙДАН – ӨНЕГЕГЕ» АПТАЛЫҒЫ ЖЫЛЖЫМАЛЫ КІТАПХАНА ПУНКТТЕРІНДЕ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында бастау алған «Абай әлемі: Ойдан – өнегеге» әдеби-танымдық апталығы кітапхананың жылжымалы кітапхана пункттерінде де ашылды.
Атап айтқанда, «Ашық әкімдіктегі – ашық кітапхана», «Қуаныш» сауда орталығындағы және қалалық Жастар ресурстық орталығындағы кітапхана пункттерінде Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмелері жасақталды.
Көрмелерде ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздері, аудармалары, абайтануға арналған ғылыми-зерттеу еңбектері және танымдық басылымдар оқырмандар назарына ұсынылды. Кітапхана қызметкерлері көрмелерге шолу жасап, Абай мұрасының тағылымдық мәні мен бүгінгі қоғам үшін маңызы туралы ақпарат берді.
Апталықтың жылжымалы кітапхана пункттерінде ұйымдастырылуы оқырмандарға ұлы ойшылдың мол мұрасымен жақынырақ танысуға және рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.
«Абай әлемі: Ойдан – өнегеге» әдеби-танымдық апталығы аясындағы мазмұнды шаралар алдағы күндері де жалғасады.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-mayakum/press/news/details/1269301?lang=ru

Добавить комментарий