
Түркістан облысы, Отырар ауданында инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары қарқын алды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және кәсіпкерлік саласын дамытуға басымдық беріліп отыр.
Бүгінде Қарғалы ауылдық округінде орналасқан «Отырар» индустриалды аймағында арнайы өндірістік парк салынып, кәсіпкерлер өз жұмысын бастап кетті. Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 305 млн теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 21 жергілікті тұрғын жаңа жұмыс орнымен қамтылды.
Жұмыс барысымен танысу мақсатында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы өндірістік парк аумағына арнайы барып, кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігін көрді. Сонымен қатар, сала басшыларына өндірісті әрі қарай дамыту және кәсіп иелеріне инфрақұрылымдық әрі құқықтық қолдау көрсету бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.
Өндірістік парктегі ең ауқымды әрі маңызды жобалардың бірі – «Eliko Snacks» ЖШС-нің сублимациялық кептірілген жеміс өндіру кәсіпорны.
Сублимациялық кептіру – өнімнің құрамындағы пайдалы дәрумендер мен табиғи дәмді 95%-ға дейін сақтай отырып, ылғалды вакуумды түрде жою технологиясы. Бұл өнімдердің сақтау мерзімін ұзартады әрі тасымалдауды жеңілдетеді.
Бұл кәсіпорын жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, ауданның экспорттық әлеуетін арттыруды көздейді. Жоба аясында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпорында тәулігіне 100 кг өнім өңдеу жоспарланған.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бұл бастаманың өңір экономикасы үшін маңыздылығына тоқталып, мемлекет тарапынан қолдау шаралары жалғасатынын атап өтті. Осындай өңдеу кәсіпорындары Отырар ауданының экономикалық өсіміне жаңа серпін бермек.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1244811?lang=ru

Добавить комментарий