
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 17 шілдедегі №602 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік қызметтің сервистік және клиентке бағдарланған қағидаттарына негізделген жаңа моделін қалыптастыру көзделген.
Осы бағытта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұсынысына сәйкес, халықтың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу тәртібі және қызмет алушылардың заңды құқықтары туралы хабардарлығын арттыру мақсатында Шардара ауданында «Қызмет алушылар күні» іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараны Шардара ауданы әкімі аппаратының басшысы Сержан Абдухарұлы Ильясов ашып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, азаматтарға қолжетімді әрі сапалы кеңес беру, сондай-ақ қызмет алушылардың құқықтарын түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, аудан көлемінде мемлекеттік қызметтер көрсетуге жауапты мемлекеттік мекемелердің мамандарына азаматтарды қабылдау барысында нақты әрі толық түсіндірме жұмыстарын жүргізу, қойылған сұрақтарға заңнама талаптарына сәйкес жауап беру және халықпен ашық байланыс орнату қажеттігін жеткізді.
Іс-шара барысында кәсіпкерлік және салық саласы бойынша мемлекеттік қызметтерге қатысты азаматтарға кеңестер беріліп, қызметтерді алу тәртібі, қажетті құжаттар тізбесі, өтініш беру жолдары және қызмет алушылардың құқықтары жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Аталған іс-шараны Шардара ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Шардара ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы, Шардара қаласы әкімі аппараты, Шардара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, Шардара аудандық жер қатынастары бөлімі, Шардара аудандық қәсіпкерлік бөлімі, Шардара аудандық мансап орталығы, Атамекен кәсіпкерлер палатасының Шардара аудандық филиалы және Шардара аудандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандарымен бірлесіп келген азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Алдағы уақытта «Қызмет алушылар күні» іс-шарасын ай сайын тұрақты түрде өткізу жоспарлануда. Бұл бастама халыққа мемлекеттік қызметтерді сапалы, қолжетімді және ашық түрде көрсетуге, сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1228166?lang=ru

Добавить комментарий