
Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегін есептеудің жаңартылған әдістемесі: басты мақсат – азаматтардың болашақтағы қаржылық тұрақтылығы.
Қазіргі таңда қоғамда зейнетақы жинақтарын пайдалану шегіне қатысты мәселелер кеңінен талқылануда. Осыған байланысты азаматтарға жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесінің мәнін түсіндіру маңызды.
Ең алдымен, зейнетақы жинақтарының негізгі мақсатын дұрыс түсіну қажет. Зейнетақы жинақтары – бұл күнделікті шығынға арналған қаражат емес, азаматтардың зейнет жасындағы тұрақты табысын қамтамасыз ететін қаржылық қор. Мемлекеттің басты міндеті – әр азаматтың болашақта әлеуметтік және қаржылық тұрғыдан қорғалуына жағдай жасау.
Бұған дейін қолданылып келген жеткіліктілік шегін есептеу тәсілі көбіне азаматтың зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыс істеп, міндетті зейнетақы жарналарын үздіксіз аударатынын негізге алды. Алайда өмірде түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін: жұмыссыз қалу, табыстың төмендеуі немесе еңбек қызметіндегі үзілістер. Сондықтан жаңа әдістеме нақты өмірлік жағдайларды ескере отырып әзірленді.
Жаңартылған жүйе актуарлық тәсілге негізделген. Яғни есептеу барысында күтілетін өмір сүру ұзақтығы, инвестициялық табыстылық деңгейі және болашақтағы зейнетақы төлемдерінің көлемі назарға алынады. Бұл азаматтардың болашақта лайықты зейнетақымен қамтамасыз етілуіне бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Мысалы, 45 жастағы азаматтың БЖЗҚ-дағы жинағы 10 миллион теңгені құрайды делік. 2026 жылға арналған жеткіліктілік шегіне сәйкес осы жас үшін шекті көрсеткіш 7,61 миллион теңге деңгейінде белгіленген. Бұл ретте азамат жинақтың белгілі бір бөлігін пайдалана алады. Дегенмен қаражатты мерзімінен бұрын алу болашақтағы ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің көлеміне әсер етуі мүмкін. Ал қаражат шотта сақталған жағдайда, азаматтың болашақтағы қаржылық тұрақтылығы жоғары деңгейде қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар жеткіліктілік шегінің көрсеткіштері соңғы бірнеше жылда қайта қаралмағанын атап өткен жөн. Осыған байланысты енгізіліп отырған өзгерістер азаматтардың ұзақ мерзімді мүдделерін қорғауға және зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға бағытталған.
Зейнетақы жинақтары – бұл тек бүгінгі қажеттілік емес, ең алдымен азаматтардың ертеңгі күндегі әлеуметтік қорғанысы мен қаржылық қауіпсіздігінің кепілі. Сондықтан әрбір азамат өз болашағына жауапкершілікпен қарап, жинақтарының маңызын терең түсінуі қажет.
№ 2 Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Ерімбетов Бақтыбек Алиакбарұлы
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-uko/press/news/details/1224583?lang=ru

Добавить комментарий