Бүгін Шардара ауданында аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевтің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықты жұмыспен қамту және бірқатар өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б. Таласов баяндама жасап, аудан аумағындағы еңбек шарттарын рәсімдеу, зейнетақы жарналары мен сақтандыру шарттарын жасау жұмыстары туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, ол отбасының цифрлық картасындағы «D» және «Е» санатындағы отбасылар санын азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарымен таныстырды.
Баяндамашы «Ауыл аманаты» жобасы аясында аталған санаттағы көрсеткіштерді төмендетуге атсалысатын жұмыс берушілер тізіміне де тоқталды.
Мәжілісте келесі болып сөз алған Түркістан облыстық «Еңбек мобильдігі орталығы» КММ-нің «Шардара аудандық мансап орталығы» филиалының директоры Н. Майханов аудан бойынша халықты жұмыспен қамту шараларының орындалуы жөнінде есеп берді. Ол 2026 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалуы, ұлттық жобалар мен жеке инвестициялар есебінен ашылатын жаңа жұмыс орындары, субсидияланатын уақытша жұмыс орындары, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту үлесі және тұрақты жұмыс орындарының көрсеткіштері туралы баяндады.
Сондай-ақ мәжілісте Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Н. Жайнар ауылдық округте атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Бұдан бөлек, аппараттық мәжілісте сала басшыларынан Шардара қаласындағы хауыздың жағдайы, Шардара–Қалғансыр автожолын ел игілігіне беру мәселесі, қаладағы канализация жүйесі, қаңғыбас иесіз иттерді азайту жұмыстары, шегірткеге қарсы күрес шаралары, шомылу маусымындағы қауіпсіздік, салық түсімдерінің орындалуы, қала мен ауылдық округтердегі полигондардың жай-күйі және ауыл шаруашылығы саласындағы проблемалық мәселелер бойынша нақты ақпараттар сұралды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев қала және ауылдық округ әкімдеріне «D» және «Е» санатындағы азаматтарды «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне жұмысқа орналастыруды, еңбек шарттарын заңдастыруды, зейнетақы жарналарын уақытылы аударуды және жазатайым оқиғалардан сақтандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар аудан басшысы бөлім және сала жетекшілеріне өздеріне жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, көтерілген мәселелер бойынша нақты нәтижеге бағытталған жұмыстарды күшейтуді, тұрғындар тарапынан көтерілген проблемаларды дер кезінде шешуді және барлық тапсырмалардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1222900?lang=kk

Добавить комментарий Отменить ответ