Жаңалық

Опубликовано:

Автор:

в категории
ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
Төлеби ауданы Аққұм ауылында «Мұхит Әлі» атындағы спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Қуанышты сәтке аудан және облыс тұрғындарымен қатар көршілес Жамбыл, Қызылорда облыстарынан, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан арнайы келген қонақтар қатысып, ақжарма тілектерін жеткізді.
Аққұм ауылының тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхит Оралбайұлы Әлі еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, бірнеше аудан мен қаланы басқарды. Әр жылдары Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі секілді жауапты қызметтер атқарып, ел дамуына сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар ұлттық руханиятқа да қалтқысыз қызмет етті.
Туған жерін ерекше қадірлеген Мұхит Әлі көзі тірісінде туған ауылына көптеген игі іс атқарды. Ауыл мешітінің салынуына ұйытқы болып, ел игілігіне қызмет ететін нысандардың бой көтеруіне қолдау білдірді. Оның үлкен армандарының бірі – ауыл жастары үшін заманауи спорт кешенін салу болатын. Алайда тағдыр оған бұл арманын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.
Асыл арманды жалғастырған ел азаматтары Мұхит Әлі бастаған игі жолды жалғастырып, оның туған күнінде ауылға үлкен тарту жасады. Аққұм ауылында өсіп-өнген азамат, кәсіпкер Төре Сапарханұлы Құрбанов «Мұхит Әлі» атындағы спорт кешенін ел игілігіне табыстады.
Салтанатты жиынға мемлекет қайраткері Нартай Дүтбаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, жазушы-драматург Роза Мұқанова, бокстан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова, осы ауылдың тумасы, ақын Күлия Айдарбекова, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Құлбек Ергөбек және өзге де зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын қуанышпен құттықтады.
Сондай-ақ, ел ағалары Жеңісбек Тұрғанов пен Созақбай Әбдіқұлов ақ батасын беріп, ізгі тілектерін арнады. Белгілі ақын Біржан Байтуов арнайы арнау оқып, ауылдан болашақта ел мерейін асқақтататын чемпиондар көптеп шығуына тілектестік білдірді.
Іс-шара соңында Мұхит Оралбайұлы Әлінің рухына бағышталып құран оқылып, ас берілді.
Жаңа спорт кешені ауыл жастарының спортпен тұрақты шұғылдануына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге зор мүмкіндік береді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kogamdyk-damu/press/news/details/1217558?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version