ОҚУ-СПОРТ ОРТАЛЫҚТАРЫ АУЫЛ БАЛАЛАРЫНА МОЛ МҮМКІНДІКТЕР БЕРЕДІ

Опубликовано:

Автор:

в категории
ОҚУ-СПОРТ ОРТАЛЫҚТАРЫ АУЫЛ БАЛАЛАРЫНА МОЛ МҮМКІНДІКТЕР БЕРЕДІ
 
Жетісай ауданында өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, спортпен шұғылдануларына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Осы ретте аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Ынтымақ ауылдық округінің Өркенді елді мекенінде орналасқан «Бейсенбай ата» оқу-спорт орталығында болып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты.
 
Ағымдағы жылдың ақпан айында өз жұмысын бастаған орталық бүгінде ауыл балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін маңызды орынға айналып отыр. Қазіргі таңда мұнда елді мекеннен 250-ге жуық бала спорттық және білім беру бағытындағы үйірмелерге тұрақты қатысуда.
 
Орталықта жасөспірімдер спорттың еркін күрес, бокс, үстел теннисі секілді түрлерімен айналысып, дене шынықтырумен қатар тәртіп пен төзімділікті бойларына сіңіруде. Сонымен қатар, ұлттық би үйірмесі арқылы балалар ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі арттырылуда.
 
Аталмыш орталықта спортпен қатар білім беру бағыты бойынша да оқушылар ағылшын және орыс тілдерін меңгеріп, көркем оқу үйірмелеріне қатысады. Ал, мектепалды дайындық топтарында бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндерге арнайы сабақтар өткізіліп, олардың мектепке жан-жақты дайын болып баруына жағдай жасалған.
 
Оқу-спорт орталығында жоғары санатты ұстаздар мен тәжірибелі жаттықтырушылар дәріс береді. Қатысушылар үшін барлық қажетті жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, ұлдар мен қыздарға арналған арнайы киім ауыстыру және жуыну бөлмелері жабдықталып, қауіпсіздік талаптары толық сақталған.
 
Аудан әкімі орталықтың ауыл балалары үшін маңыздылығына тоқталып, жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына бағытталған мұндай игі бастамалардың қоғам үшін аса қажетті екенін атап өтті.
 
«Мұндай орталықтардың ашылуы – ауыл жастарының болашағына жасалған жарқын қадам. Ел намысын қорғайтын спортшылар мен білімді, талантты жастардың көптеп шығуына негіз болатын орталықтарға әкімдік тарапынан қолдау көрсетуге қашанда дайынбыз» дейді аудан әкімі.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1217374?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version