ҰЛЫ ЖЕҢІС КҮНІНЕ ОРАЙ КІШІ ФУТБОЛДАН ТУРНИР ӨТТІ

Опубликовано:

Автор:

в категории

Ұлы Жеңіс күніне орай Темір ауылында кіші футболдан дәстүрлі турнир ұйымдастырылып, ауыл жастары мен спортсүйер қауымның басын қосты. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған айтулы шара жоғары деңгейде өтіп, жастар арасындағы ауызбіршілік пен салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды.

Айта кету керек, турнирді ұйымдастыру эстафетасы жыл сайын ауыл жастары арасында дәстүрлі түрде табысталып келеді. Бүгінгі спорттық дода «Ардагерлер» құрамасының бастамасымен жүзеге асырылды. Сонымен қатар, іс-шара «AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының қолдауымен, «Темір» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен және фракция мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Ардақ Әмзеевтің демеушілігімен өткізілді.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі «Шойман» спорт алаңында өтті. Шара барысында Темір ауыл округінің ардагерлері Бекмиш Тулепбергенов пен Калхозбек Сарсенбеков сөз сөйлеп, қатысушыларға ақ баталарын беріп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді.

Темір ауыл округінің әкімі Ақарыс Жүсіпұлы өз сөзінде бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына тоқталып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Ардақ Әмзеев жастарға қолдау білдіріп, мұндай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Өз кезегінде мемлекеттік қызмет саласының ардагері Темірхан Ерқұлов жастарға ақ батасын беріп, олардың ұйымшылдығы мен белсенділігіне жоғары баға берді. Сондай-ақ ұйымдастырушылар мен қолдау көрсеткен халық қалаулысы Ардақ Әмзеевке алғысын жеткізді.

Сонымен қатар, спорт жанашыры Алмаз Тоқтасынұлы Дутбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыс көрігін қыздырған жастарға ризашылығын білдірді. Шара барысында мешіт имамы Әлжан Әмірхан Сейілханұлы ақ батасын беріп, турнирдің берекелі әрі сәтті өтуіне тілектестік танытты.

Жарысқа ауылдан жалпы саны 17 команда қатысып, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті. Әр кездесу жоғары қарқынмен өтіп, алаңда шынайы бәсекелестік пен достық рухы қатар көрініс тапты. Жанкүйерлер де командаларға белсенді қолдау білдіріп, спорттық мерекенің сәнін келтірді.

🏆 Турнир қорытындысы бойынша:
🥇 I орын – 1995 жылғы ауыл жастарының командасы;
🥈 II орын – 2005 жылғы жастар құрамасы;
🥉 III орын – 1996 жылғы ауыл жастары иеленді.

Дәстүрге сәйкес, турнир соңында келесі жылғы ұйымдастыру эстафетасы «1994» жастар құрамасына салтанатты түрде табысталды. Олар алдағы жарысты жоғары деңгейде өткізетіндіктерін айтып, барлық командаларды келесі турнирге белсенді қатысуға шақырды.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1217298?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *