ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНЕ МЕРЕКЕЛІК СЫЙ-ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Опубликовано:

Автор:

в категории

Ұлы Жеңістің 81 жылдығы мен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекелері қарсаңында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов отырарлық тыл ардагерлерінің шаңырақтарында болып, аға буын өкілдеріне құрмет көрсетті.

Кездесу барысында аудан басшылығы ардагерлерді қос мерекемен құттықтап, олардың соғыс жылдарындағы қажырлы еңбегі мен елдің экономикалық әлеуетін көтеруге қосқан өлшеусіз үлестері үшін шынайы алғыс білдірді.

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы өз сөзінде: «Сіздердің бейбіт күн жолындағы төзімділіктеріңіз бен ерен еңбектеріңіз бүгінгі ұрпақ үшін нағыз ерліктің үлгісі. Тылдағы қажырлы қайраттарыңыздың арқасында бейбіт күнге жеттік. Сондықтан сіздерге көрсетілетін құрмет әрқашан жоғары болуы тиіс. Ардагерлерге қамқорлық жасау — біздің азаматтық парызымыз әрі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі», – деп атап өтті.

Өз кезегінде аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов қарияларға жылы лебізін білдіріп: «Сіздер тек соғыс жылдарында ғана емес, соғыстан кейінгі қалпына келтіру кезеңінде де еліміздің гүлденуіне зор үлес қостыңыздар. Сіздердің өнегелі жолдарыңыз — бүгінгі жастар үшін нағыз тәрбие мектебі. Сіздерге мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін», – деді.

Мерекелік іс-шара аясында ұлттық дәстүрге сай ардагерлердің иығына шапан жабылып, арнайы сый-сияпаттар мен мерекелік себеттер табыс етілді. Өз кезегінде ақсақалдар мен кейуаналар жергілікті билік өкілдеріне ризашылықтарын білдіріп, ел іргесінің бүтіндігі мен бейбітшілік үшін ақ баталарын берді. Олар өткен күннің қиындығы мен бейбіт заманның қадірі туралы естеліктерімен бөлісіп, келер ұрпақтың бақытты болашағына тілектестік білдірді.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1216666?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version