ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ ЕРЕЖЕЛЕРІНІҢ САҚТАЛУЫ БОЙЫНША ЗЕРДЕЛЕУ КҮШЕЙТІЛЕДІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру, өрт пен жарылыс фактілерінің алдын алу, сондай-ақ, адам шығынын болдырмау мақсатында тиісті жұмыстарды атқару бойынша берген тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов нысандардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі, эвакуациялық шығу жолдарының жай-күйі, электр және газ жүйелерінің қауіпсіз пайдаланылуы, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша жиын өткізді.
Аудан әкімінің орынбасарлары мен тиісті сала басшыларының, құқық қорғау органдары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен өткен жиында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Баймахан Баһарам баяндама жасап, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің және «Жетісай қызмет» мекемесіне қарасты «Газ инспекциясы» бөлімі қызметкерлерімен бірге жүргізілген рейд барысында бірқатар кемшіліктердің анықталғанын жеткізді. Нақтырақ айтар болсақ, зерделеу жұмыстары жүргізілген нысандардың басым бөлігінде электр желілерінің дұрыс орнатылмауы, тез дайындалатын тамақ өнімдерін пісіру барысында талапқа сай келмейтін, сертификатталмаған, жарамдылық мерзімі өткен немесе қауіпсіздік талаптарына сай орнатылмаған газ баллондарын қолдану, газ баллондарының жылу көздеріне тым жақын орналастырылуы фактілері анықталған.
«Қоғамдық қауіпсіздік – әрбір мекеме басшысы мен тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін естен шығармауымыз керек. Табыс табамыз деп сақтық шараларына немқұрайлылық танытуға болмайды. Сол себепті де рейдтік шараларды күшейтіп, алдағы уақытта жүйелі түрде өткізуіміз керек. Қауіпсіз орта қалыптастыру арқылы тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі» деген аудан басшысы заң бұзушылықтарды қысқа мерзімде жою бойынша жауапты сала басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, жұмыс нәтижесін бақылауды орынбасарларына жүктеді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1216085?lang=kk

Добавить комментарий Отменить ответ