МАЙДАНГЕРГЕ МЕРЕКЕЛІК СЫЙ-ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Опубликовано:

Автор:

в категории
МАЙДАНГЕРГЕ МЕРЕКЕЛІК СЫЙ-ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
 
1418 күн мен түнге созылған қайғы-қасіреті мол, адамзат тарихында ІІ Дүние жүзілік соғыс атауымен таңбаланған сұрапыл соғыста от кешіп, кеудесін оққа төсеген соғыс ардагерлерінің ерліктері ел есінде мәңгіге сақталып қала бермек. Ғасырдан-ғасырға жетерлік ауыр қасірет қалдырған осынау соғыстың зардабын шеккен жетісайлық Папков Петр Кузьмич 1925 жылдың маусымында Татарстан Республикасының Максимовка селосында дүниеге келген. Бүгінде аудандағы көзі тірі жалғыз майдангер.
 
Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Ұлы Отан Соғысының соңғы солдатын «7 мамыр – ҚР Отан қорғаушылар күнi» және «9 мамыр – Ұлы Жеңiс күні» мерекелерімен құттықтап, сый-сияпат жасады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың, ҚР Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың мерекелік құттықтауларын табыстап, 5 млн теңге қаржының сертификатын, мерекелік себет тарту етті. Иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
 
1942 жылы әскерге алынған Петр Кузмич 73 гвардиялық армияға түсіп, 105 полк құрамында қызмет еткен. Киев, Бухарест, Венгрия қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан, құрылыс батальонында жүргізуші, құрылысшы болған майдангер 1950 жылы әскерден оралған. Қанды қырғынның соңғы нүктесін қойып, елге келгеннен кейін тұралап қалған ауыл шаруашылығы саласында, ауылдарды қалпына келтіру ісінде аянбай еңбек еткен. Трактор тізгіндеп, зейнетке шыққанша адал еңбектің нанымен өніп-өседі. Өз кіндігінен өрбіген 4 қызынан немере-шөбере сүйіп отырған қарт майдангер Ұлы Отан Соғысы мен Еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
 
Айта кетейік, бүгінде мереке қарсаңында аудандағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің екінші рет некеге тұрмаған 4 зайыбына 20 АЕК мөлшерінде, соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының орден-медальдарымен наградталған 198 адамға 15 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік жәрдемақы төленген.
 
Одан бөлек, 1986–1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Карабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамында болған 34 адамға, 1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде ТМД шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған ҚР 43 әскери қызметшісіне 30 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік жәрдемақы берілген.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1216533?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *