Сарысу орта мектебінде 10–11 сынып оқушыларымен «Сарбаз болу – мәртебе» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдерге әскери қызметтің маңызын түсіндіру, әскери оқу орындары туралы кеңінен ақпарат беру және Отан алдындағы борышты өтеудің жауапкершілігін насихаттау.
Кездесуге Жаңатас қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс тобының бастығы, майор Уәлиахметов Амангелді арнайы қатысып, оқушыларға әскери қызметтің қыр-сыры жөнінде жан-жақты мәлімет берді. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі қызметтің абыройлы міндет екенін атап өтіп, әскери тәртіптің, жауапкершіліктің және патриоттық рухтың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, әскери жоғары оқу орындарына түсу талаптары, құжат тапсыру кезеңдері, медициналық тексеруден өту тәртібі, грант мүмкіндіктері мен әлеуметтік жеңілдіктер туралы кеңінен түсіндірілді. Әскери білім алудың артықшылықтары, яғни тегін оқу, шәкіртақы, жатақханамен қамтамасыз ету, оқу бітіргеннен кейін тұрақты жұмыспен қамтылу секілді мүмкіндіктер айтылды.
Іс-шара барысында оқушылар әскери қызметтің күнделікті өмірі, сарбаздардың дайындығы, келісімшарт бойынша қызмет ету мүмкіндігі туралы сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды. Кездесу еркін форматта өтіп, жастар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Аталған шара жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайтуға, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға және болашақ мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беруіне ықпал етті. «Сарбаз болу – мәртебе» атты кездесу жастарға рухани серпін беріп, ел қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін тағы бір мәрте ұғындырды.
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sarysu-zhanaaryk/press/news/details/1199948?lang=kk

Добавить комментарий Отменить ответ