
Ақмола облысында жас өлкетанушылар, экологтар және табиғат зерттеушілерінің «Табиғатты аяла» өңірлік форумы аясында «Заттарға екінші өмір» облыстық байқауы өтті. Байқауға қатысушылар 20-ға жуық экологиялық жобаларын ұсынып, қарапайым қалдықтарды пайдалы, әрі әсем бұйымдарға айналдыруға болатынын көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен байқау жеңімпазы Сандықтау ауданы Каменка ауылы №1 жалпы орта білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Александр Сальников атанды. Ол өз қолымен жасаған дизайнерлік шамдар топтамасын ұсынды.
«Бүгінде қалдықтар мәселесі өте өзекті. Адамдар барған сайын көп зат сатып алады, ал олардың пайдалану мерзімі қысқара түсуде. Соның салдарынан қоқыс көбейіп, табиғат ластануда. Сондықтан Александр тек қайта өңделген материалдарды пайдаланып, интерьер бұйымдарын жасауды қолға алды»,- деп айтты жетекшісі көркем еңбек пәнінің мұғалімі Виктор Доценко.
Оқушы жасаған әрбір шам ерекше идеясы мен қайталанбас стилімен ерекшеленеді.
Алғашқы «Нәзік геометрия» деп аталған шам кәдімгі қаптамалық картоннан жасалған. Әдетте бірден тасталатын бұл материал жеңіл, берік, әрі өңдеуге ыңғайлы болып шықты. Жұмыста тұрмыстық техника қораптары, картон түтіктері мен қағаз қалдықтары пайдаланылған. Бөлшектер желімделіп, бекітіліп, қорғаныш қабатпен қапталған. Нәтижесінде заманауи стильдегі әсем шам пайда болды.
Екінші «Бөлшектерден жиналған жайлылық» шамы ағаш қалдықтарынан — кесінділерден, фанерадан және ескі тақтайшалардан жасалған. Жасау барысында барлық бөлшектер мұқият өңделіп, тегістеліп, ағаштың табиғи құрылымы сақтала отырып құрастырылған. Соңында лак жағылып, бұйымға жинақы әрі толық көрініс берілді.
Үшінші «Механикалық жүректің жарығы» шамы ең ерекше, әрі ең күрделі жұмыс болды. Ол металл автокөлік бөлшектерінен — болттардан, серіппелерден және түрлі қосалқы бөлшектерден жасалған. Әрбір бөлшек тазартылып, боялған. Бұрын қоқыс болып саналған заттар лофт стиліндегі нағыз арт-нысанға айналды.
Барлық шамдарды жасау барысында қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінген: электр сымдары ұқыпты жүргізіліп, құрылымдардың беріктігі қамтамасыз етілген.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-sand/press/news/details/1197445?lang=kk

Добавить комментарий