ДАУАСЫ ДӘРІ, ҚОЛЫ ШИПА ДАРА ДӘРІГЕР

Опубликовано:

Автор:

в категории
Түркістан облысы, Шардара ауданында есімі елге кеңінен танымал, ардақты ардагер – Райхан Әбдірахманқызы бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған аяулы жан. Ақ жаулықты анаға тән береке мен мейірімнің шуағына бөленіп отырған ол – саналы ғұмырын адам жанының арашасы болуға арнаған абзал дәрігер.
Жоғары оқу орнын тәмамдаған сәттен бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін иығынан ақ халатын тастамаған Райхан апайды шын мәнінде «дара дәрігер» деуге толық негіз бар. Ол – акушер-гинеколог ретінде талай сәбидің өмірге келуіне себепкер болған жан. Өз мамандығына адалдықпен қарап, оны биік деңгейде алып жүрген білікті дәрігер ешқашан шаршадым деп шағымданбай, тынымсыз еңбек етті.
Райхан Әбдірахманқызы 1939 жылы 15 қаңтарда бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданында дүниеге келген. 1957 жылы Алматы қаласындағы №12 орта мектепті үздік бітіріп, сол жылы С. Асфендияров атындағы медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын 1963 жылы үздік бағамен тәмамдайды.
Еңбек жолын сол жылы Шардара өңірінде бастаған жас маман алғашқы күннен-ақ халық денсаулығы жолында аянбай тер төкті. Ол кезде ауданда медициналық мекемелер толық қалыптаса қоймаған еді. Кадр тапшылығына байланысты Райхан апай гинеколог болумен қатар хирург және тері аурулары дәрігері қызметтерін де қатар атқарды. Осылайша әмбебап дәрігер ретінде тәжірибесін шыңдап, ел алғысына бөленді.
1963-1970 жылдар аралығында ауданның жалғыз гинеколог дәрігері болды. 1970 жылы жаңа аудандық аурухана ашылған соң, медицина саласының дамуына зор үлес қосты. 1972 жылға дейін перзентхананың бас дәрігері қызметін атқарып, кейін аудандық аурухананың гинекология және әйелдер кеңесі бөлімшелерінде басшылық етті.
Райхан апайдың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, «Емдеу саласының үздігі» төсбелгісімен және көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, Шардара ауданының «Құрметті азаматы» атағына ие болды.
1993 жылы зейнеткерлікке шыққан ардақты ана жұбайы Тәңірберді Ағманұлымен бірге өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, екі ұл мен бір қыз өсірді. Бүгінде олардан тараған ұрпақ – немере, шөберелері елге сыйлы әулетке айналып отыр.
Райхан Әбдірахманқызының ғибратты ғұмыры – кейінгі буын үшін үлгі. Оның медицина саласындағы адал еңбегі мен адамгершілік қасиеті әрдайым құрметке лайық.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1196059?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *