Сандықтау өңірінің сакралды картасы өңірлік маңызы бар нысандар тізіміне енген жаңа ескерткіштермен толықты.
XIX ғасырдағы тарихи құжаттар – жылнамалар, көтеріліске қатысушылардың ресми тізімдері – барлық батырлардың есімдерін толық қамти бермеген. Көбінесе тек ең танымал әскери тұлғалар мен ру өкілдерінің аттары ғана көрсетілген. Әрбір жауынгердің есімі халық ауыз әдебиетінде, отбасылық аңыздарда және шежірелерде сақталып, кейін ғана өлкетанушылардың еңбектерінде көрініс тапқан.
Сандықтау ауданында Тайлақ, Кенжебай, сондай-ақ ағайынды Шамай мен Арлан батырлардың есімдері белгілі. Олар Кенесары Қасымұлы ханның азаттық қозғалысымен тығыз байланысты.
Тайлақ батыр XVIII ғасырдың 20-жылдары Сандықтау ауданындағы Жыланды ауылында дүниеге келген. Жастайынан жауынгер болып өсті. Күшті, әрі Отанын жан-тәнімен сүйген ол талай шайқаста ерлік көрсеткен. Астана қаласындағы өлкетану мұражайында «Тайлақ батырдың қылышы» атты жәдігер сақтаулы. Өкінішке қарай, батырдың жерленген орны белгісіз, бұл мәселе жергілікті өлкетанушылар мен көнекөз қариялардың қатысуымен арнайы зерттеуді қажет етеді.
Ал Сандықтау жерінің тумасы, Кенесары ханның әскерінде шайқастарға қатысқан Кенжебай батырдың жерленген жері маңызды сакралды нысандардың біріне айналды. Халық жадында ол мергендігімен сақталған. Замандастары оны «қаракөз» – қырағы көзді адам деп атаған, ол Наурызбай батырдың сенімді серігі, әрі қару ұстаушысы болған. Кенжебай батыр Кенесары ханның өмірінің соңғы сәттеріне куә болған. Бір жыл манаптардың тұтқынында болып, кейін туған жері – Кенөлең ауылына (қазіргі Сандықтау ауданының Новоникольское ауылдық округі) оралған. Қайтыс болған соң сол жерде жерленген. Оның өмір жолы туған жері мен халқына қызмет етудің жарқын үлгісі болды.
Кенжебай батыр Новоникольское ауылдық округінің аумағында жерленген. Бабасының ерлігіне құрмет ретінде оның шөбересі Қали ата зиратына: «XIX ғ. Кенесары қозғалысына қатысуымен Кенжебай Ақпанұлы (1825–1884) бабамызға» деген жазуы бар ескерткіш тас орнатқан.
Шамай батырдың жерленген жері де маңызды сакралды нысан болып табылады. Деректерге сүйенсек, Сандықтау өңірінде Қарауыл руының бір тармағы – Қылдыдан шыққан ағайынды батырлар Арлан мен Шамай өмір сүрген. Олар Кенесары ханның серіктері болып, отарлық саясатқа қарсы азаттық күреске белсенді қатысқан.
Әскери шайқастарда ағайынды батырлар ерлік, төзімділік және батылдық танытып, ең мықты бекіністер мен қиын өткелдерді алуға қатысқан. Арлан батыр Қостанай облысы Сарыкөл ауданы Қараоба ауылы маңында шайқаста қаза тауып, сол жерде жерленген. Ал сақталған аңыздарға қарағанда, оның інісі Шамай батыр жауларының қолынан уланған. Оның қабірі Новоникольское ауылдық округіне қарасты Құмдыкөл ауылы маңында орналасқан. Бұл орын бүгінгі күнге дейін тағзым ететін қасиетті мекен саналады.
Кенжебай және Шамай батырлардың жерленген орындарының өңірдің сакралды нысандары тізіміне енгізілуі тарихи жадыны сақтау, ерлікке толы өткенді дәріптеу және ұлттық құндылықтарға құрмет қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды. Бұл ескерткіштер XIX ғасырдағы тағдырлы кезеңдерді, туған жерінің бостандығы үшін күш-жігері мен өмірін арнаған тұлғаларды еске салады.
Осындай қасиетті орындар жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесінде ерекше мәнге ие. Кенжебай мен Шамай батырлардың зираттары – тек тарихи ескерткіштер ғана емес, ерлік пен отансүйгіштіктің, туған жерге адалдықтың тірі символдары. Сакралды нысандарды сақтау және насихаттау – ата-баба мұрасын бағалай білетін, рухани кемел азаматтарды тәрбиелеудің маңызды шарты.
Сондай-ақ, зерттеу жұмысына қолдау көрсетіп, қажетті материалдар мен кеңес берген Сандықтау аудандық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы М.С. Копобаевқа ерекше алғыс білдіреміз.
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-sand/press/news/details/1194362?lang=kk

Добавить комментарий Отменить ответ