
Көктемгі демалыс кезеңінде аудан мектептерінде оқушылардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастыруға бағытталған ауқымды іс-шаралар легі өткізілді. Бұл күндер балалар үшін тек тынығу емес, ұлттық мәдениетті дәріптеу, шығармашылық қабілеттерін дамыту және жаңа дағдыларды меңгеру алаңына айналды.
Осы орайда Малайсары орта мектебінің базасында аудандық «Наурыз фест» байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық мәдени мұра мен салт-дәстүрлерді насихаттау, қолөнер мен өнерді дәріптеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ «Адал азамат» бағдарламасы негізінде жауапты, еңбекқор, отансүйгіш тұлға тәрбиелеу болды. 7–9 сынып оқушылары «Өз ісінің шебері», «Болашақ дизайнері», «Эко-шебер», «5 асық», «Әншуақ» номинациялары бойынша өз қабілеттерін көрсетіп, үздіктер марапатталды.
Көктемгі демалыстың тағы бір жарқын бөлігі – ұлттық ойындарды дәріптеу жұмыстары болды. 5–8 сынып қыздар арасында дене шынықтыру мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Бес асық» ұлттық ойыны өткізілді. Халқымыздың ғасырлар бойғы мұрасы саналатын бұл ойын оқушылардың ептілігі мен шапшаңдығын арттырып қана қоймай, ұлттық рухты сезінуге мүмкіндік берді.
«Ұлттық стиль» жобасы аясында оқушылар термиялық аппликациялар мен кестелеу өнерін меңгеріп, өз қолдарымен киім-кешек пен бұйымдарын безендірді. Сөмке, жейде және түрлі бұйымдарға жасалған шығармашылық жұмыстар балалардың қиялы мен талғамын айқын көрсетті.
Жалтыр орта мектебінде 4–9 сынып оқушылары арасында «Интеллектуалдық Олимп» атты мектепішілік олимпиада жоғары деңгейде өтті. Оқушылар математика, әдебиет, география, жаратылыстану, тілдер әлемі және шығармашылық бағыттар бойынша станциялық тапсырмаларды орындап, командалық рух пен білімдерін сынға салды. Финалда капитандар арасындағы тартысты сұрақ-жауап кезеңі ерекше қызығушылық тудырып, үздік командалар анықталды.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/bilimmai-edu/press/news/details/1191205?lang=kk

Добавить комментарий