
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Целиноград ауданының Қоянды ауылына барды. Сапар барысында аудан әкімі Дарын Сабырғалиұлы елді мекенде жүргізіліп жатқан су тасқынының алдын алу шаралары туралы баяндады.
Қоянды ауылында су тасқынының алдын алу мақсатында жүйелі түрде кешенді жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, үш учаскеде, оның ішінде қауіп деңгейі жоғары «қызыл» және «сары» аймақтарда қар толықтай шығарылып, еріген судың жиналу қаупі айтарлықтай төмендетілді.
Сонымен қатар, 40-тан астам арық тазартылып, тереңдетілді, нәтижесінде олардың су өткізу қабілеті қалпына келтірілді. Ауылішілік жолдарға суды тиімді бұру үшін арнайы науалар орнатылды.
Су бұру және аумақтарды тазалау жұмыстары аясында шамамен 4000 рейс орындалды. Бұдан бөлек, еріген суды тиімді бұруға бағытталған қосымша кешенді шаралар әзірленіп, іске асырылуда.
Елді мекеннің периметрі бойынша ұзындығы 4410 метрді құрайтын су бұру траншеясы қазылды. Жұмыстарға 37 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде су бұру жүйелері штаттық режимде жұмыс істеуде. Елді мекенді су басу қаупі едәуір төмендеді, жағдай тұрақты бақылауда.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1189291?lang=kk

Добавить комментарий