
ТҮРКІСТАНДА ТАҒЫ БІР АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫҒА БАСПАНА ТАБЫСТАЛДЫ
Түркістан қаласының «Отырар» шағынауданының 1988 жылы туған азаматтары Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде игі бастама көтеріп, көпшілікке үлгі боларлық қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Мереке қарсаңында олар жалғызбасты анаға баспана кілтін табыстап, отбасының үлкен қуанышына себеп болды. Жұбайынан ерте айырылып, үш баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған Ләззат Сейітованың жағдайына бейжай қарамаған азаматтардың бұл әрекеті – қоғамдағы жанашырлық пен бауырмалдықтың айқын көрінісі.
Қайырымдылық шарасы мұнымен шектелмейді. 1988 жылғы азаматтар бұл эстафетаны келесі жылы 1990 жылы туған азаматтарға жолдап, игілікті істің жалғасуына ниет білдірді.
Айта кетейік, дәстүрге айналған қайырымдылық шараның түп-тамыры «Бекзат» шағынауданынан бастау алып, аталған аймақ жастары бүгінгі күнге дейін 20 отбасының баспаналы болуына себепші болған. Кейіннен игілікті іс «Шауғар» шағынауданында жалғасын тауып, енді «Отырар» шағынауданы азаматтарының қолдауымен жалғасып отыр.
Қайырымдылық – қоғамды біріктіретін құндылық. Түркістан жастарының осы бағыттағы талпынысы көпке үлгі болып, Наурыз мерекесінің рухани мәнін тереңдете түсті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kogamdyk-damu/press/news/details/1187604?lang=kk

Добавить комментарий