ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ: ШАРДАРАДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

Опубликовано:

Автор:

в категории
Шардара қаласындағы әуежай алаңында Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесіне арналған «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты ауқымды мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ерекше сән-салтанатымен өтті. Көктеммен бірге келген жаңару мен жақсылықтың жаршысы болған бұл мереке аудан тұрғындары мен қонақтарының басын қосып, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған тағылымды думанға айналды.
Мерекелік шарада аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев және ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков және зиялы қауым өкілдері алаңда тігілген киіз үйлерді аралап көрді. Мекемелер, бөлімдер, ауыл және қала әкімдігі тарапынан тігілген киіз үйлер ұлттық нақышта безендіріліп, қазақ халқының бай салт-дәстүрлері кеңінен таныстырылды.
Киіз үйлерде тұсау кесер, бесікке салу, беташар, қыз ұзату сынды ұлттық рәсімдер сахналанып, көпшілік назарына ұсынылды. Аралау барысында аудан басшысы Арман Романұлы жас бүлдіршіндердің тұсау кесу рәсімін өткізіп, ақ жол тіледі.
Салтанатты жиында аудан әкімі Арман Қарсыбаев барша тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап:
– Наурыз – татулық пен мейірімнің, жаңару мен жақсылықтың мерекесі. Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа бақ-береке, молшылық пен қуаныш әкелсін! – деп ізгі тілегін білдірді.
Мереке барысында аудан басшысы Арман Романұлы бірқатар сала үздіктерін марапаттады. Аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев те жыл үздіктеріне құрмет көрсетті. Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков аудан әкімінің атынан азаматтарға Алғыс хаттар табыстады.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқап, мерекенің ажарын аша түсті. Қонақ ретінде келген жерлесіміз, әнші Мөлдір Бақытжанқызы жиналған қауымға әсем әндерін тарту етті. Марапаттау рәсімі көтеріңкі көңіл-күйдегі концерттік бағдарламаға ұласты.
Алтыбақан маңында жастар ән салып, ұлттық рухты асқақтатса, мерекелік алаңда қазақша күрес, арқан тарту, асық ату сынды ұлттық спорт түрлері ұйымдастырылып, думанның көркін қыздырды. Көпшілікке дәстүрлі Наурыз көже ұсынылып, мерекенің берекесі арта түсті.
Айта кетейік, соңғы жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен Наурыз мейрамы «Наурызнама» онкүндігі аясында жаңаша форматта аталып өтуде. Бұл игі үрдіс ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп, ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға бағытталған.
Шардарада өткен әз Наурыз мерекесі – береке-бірлік пен татулықтың, ұлттық рухтың айқын көрінісі болып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады!
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1187169?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version