
Атырау қаласында Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық сән көрсетілімі мен қолөнер көрме-жәрмеңкесі өтті. Ауқымды іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық өнер мен заманауи шығармашылықтың үйлесімін тамашалауға мүмкіндік берді.
Қала әкімінің орынбасары Ердос Әбдісаттаров жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, Наурызнама онкүндігінің мазмұны мен маңызын атап өтті.
– Баршаңызды береке мен бірліктің, жаңару мен жаңғырудың мерекесі Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Ұлық мерекені кең көлемде атап өту мақсатында 14–23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі белгіленді. 14 наурыз – Көрісу күні, 15 наурыз – Қайырымдылық күні болса, бүгін, 16 наурыз – Ұлттық мәдениет және салт-дәстүр күні. Осы тағылымды күнде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге береке-бірлік тілеймін. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мәдениетіміз, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз өскелең жас ұрпақтың бойынан көрініс таба берсін. Наурызнама аясындағы тағылымды шаралар алдағы күндері де көпшілікке ұсынылады. 18 наурыз күні қалада ұлттық киім шеруі өтеді. Бүгінгі сән көрсетіліміне қатысқан сән үйлерін сол шеруге қатысуға шақырамын. Мерекеден мерекеге, Наурыздан Наурызға амандықпен, шат көңілде жетейік, – деді ол.
Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары өңірде ұлттық сәнді дамытуға және шығармашылық бастамаларды қолдауға үлес қосып жүрген белсенді атыраулық дизайнерлерді марапаттады.
Мерекелік шарада өңірдің белді дизайнерлері ұлттық нақыштағы киім топтамаларын ұсынып, қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі мен заманауи сән үлгілерін шебер ұштастырған ерекше туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Сондай-ақ көрме-жәрмеңкеде танымал қолөнершілердің еңбектері қойылды. Шеберлердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Көрмеге келгендер ұлттық нақыштағы бірегей бұйымдармен танысып қана қоймай, оларды сатып алу мүмкіндігіне де ие болды.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/digital-nauryz/press/news/details/1183790?lang=kk

Добавить комментарий