
Наурызнаманың онкүндігі аясында Атырау қаласы әкімдігінің қолдауымен 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай қала тұрғындары мен жастарға арналған ұлттық нақыштағы суреттер көрмесі және сурет салудан шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты қазақ халқының бай мәдени мұрасын, ұлттық салт-дәстүрлері мен өнерін кеңінен насихаттау, жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру және шығармашылық қабілеттерін дамыту болды.
Batik Kami арт-галереясында өткен көрмеде суретші Камила Жапалованың 80-нен астам туындысы ұсынылды. Оның айтуынша, соңғы жылдары жастардың қазақ өнеріне деген қызығушылығы айтарлықтай артып келеді.
– Маған қазақстандық суретшілер мен дизайнерлердің этностильге жиі жүгінетіні ұнайды. Қазақтың ою-өрнектері, ұлттық колориті мен кілемдері кеңінен насихатталып жатыр. Біз шетелдегі көрмелерге қатысып, тәжірибе алмасамыз. Соның арқасында ұлттық өнеріміз дамуын жалғастырып келеді, – деді К. Жапалова.
Сонымен қатар, қатысушылар үшін сурет салудан шеберлік сағаты өткізіліп, онда тәжірибелі суретші ұлттық тақырыптағы суреттерді салудың қыр-сырын түсіндіріп, өз тәжірибесімен бөлісті. Көрмеге қатысқан 30-дан аса студент сурет салу тәсілдерін үйреніп, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік алды.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-digital/press/news/details/1183785?lang=kk

Добавить комментарий