Талас ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудан аумағында орналасқан асхана, кафе және тез дайындалатын тағам дайындайтын орталықтарда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық тамақтану орындарында өрттің алдын алу, қауіпсіздік талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдайлардың алдын алу. Мамандар нысандарды аралау барысында ас үй жабдықтарының жағдайын, электр желілерінің дұрыс пайдаланылуын, өрт сөндіру құралдарының бар-жоғын және олардың жарамдылығын тексерді.
Түсіндіру жұмыстары барысында қызметкерлерге өрттің шығу себептері мен оның алдын алу жолдары кеңінен баяндалды. Атап айтқанда, электр құралдарын шамадан тыс жүктемеуге, газ және электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға, сондай-ақ жұмыс аяқталғаннан кейін барлық құралдарды тексеріп өшіруге ерекше назар аудару қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар мамандар төтенше жағдай орын алған жағдайда қызметкерлердің дұрыс әрекет ету тәртібін түсіндіріп, өрт сөндіргіш құралдарды пайдалану тәсілдерін де көрсетті. Қызметкерлерге өрт шыққан жағдайда ең алдымен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрт сөндіру қызметіне дер кезінде хабарлау және алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолдану қажеттігі ескертілді.
Мұндай алдын алу және түсіндіру шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады. Өйткені өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – адам өмірі мен мүліктің сақталуын қамтамасыз ететін ең маңызды шарттардың бірі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/press/news/details/1178390?lang=ru

Добавить комментарий Отменить ответ