Мемлекет тұрақтылығының негізі – заң үстемдігі мен азаматтардың құқықтық санасының жоғары болуы

Опубликовано:

Автор:

в категории

Қоғамның дамуы мен мемлекет тұрақтылығының негізі – заң үстемдігі мен азаматтардың құқықтық санасының жоғары болуы. М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті қабырғасында алдағы республикалық референдумның мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру, оның ел дамуына ықпалын жан-жақты талқылау және азаматтардың саяси-құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатындағы кездесу өтті.

Аталған жиынға Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Қуанышев Еркін қатысып, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, референдум барысында азаматтардың құқықтарының сақталуы, заң аясында еркін таңдау жасау мүмкіндігі туралы кеңінен түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар, кездесуде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сәлемов Серік сөз сөйлеп, референдум – халық пен билік арасындағы ашық диалогтың нақты көрінісі екенін айтып, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтауда мұндай саяси үдерістердің маңызы зор екенін сөз етті. Ол бұл саяси науқан елдің стратегиялық даму бағытын айқындауда айрықша рөл атқаратынын айтып, мұндай кезеңде қоғамның белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі сыналатынын жеткізді.

 Ал Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өкілі жанындағы Сараптамалық кеңес мүшесі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Төлендиев Қасымхан қоғамда әділдік пен ашықтық қағидаттарын нығайту референдум үдерісінде де маңызды екенін жеткізді.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева сөз алып, жоғары оқу орны тек білім берумен шектелмей, елдік маңызы бар бастамалардың бел ортасында жүретінін айрықша атап өтті. Ол университет қабырғасында қалыптасатын азаматтық көзқарас пен парасатты пайым мемлекет дамуына қызмет етуі тиіс екенін жеткізді.

Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Жиын соңында референдум – әр азаматтың ел тағдырына қатысты өз үнін білдіретін маңызды демократиялық құрал екені айтылып, көпшілікті алдағы саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-zhambyl-oblysy/press/news/details/1170192?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *