Бүгін Шардара ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары, жұмыс тобының төрағасы Е.Каратунов төрағалық етті.
КҮН ТӘРТІБІНДЕ 5 МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ:
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Шардара қаласы әкімінің уақытша міндетін атқарушы С.Абдинасиров баяндама жасап, жауын салдарынан кейбір аумақтарда су жиналып, уақытша қолайсыздықтар туындаған сәтте жауапты мекемелер жұмылдырылып, арнайы техникалар мен мотопомпалардың күшімен су сору және тазалау жұмыстарын жүргізілгенін атап өтті. Алдағы көктем мезгіліне де дайындық пысықталып, су ағар жүйелер мен құбырларды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Келесі мәселе бойынша «Казсушар» РМК Түркістан филиалына қарасты Шардара өндірістік бөлімшесінің жауапты маманы Н.Кобеев, аталған бөлімшеге қарасты су шаруашылығы нысандарында механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, бүгінге дейін 12 670 метр канал тазаланып, 17 305 м³ шөгінді шығарылғанын хабарлады.
«Казсушар» РМК Түркістан филиалы «Шардара су қоймасы» өндірістік бөлімшесінің басшысы Е.Иса су қойманың бүгінгі жағдайын баяндады. Су қоймасының жалпы сыйымдылығы 5,2 млрд м³ болса, бүгінгі таңда 4,7 млрд м³ су жиналған, яғни бұл 91% құрайды.
Жауапты маманның айтуынша, су қоймасының жағдайы қанағаттанарлық, жағдай тұрақты бақылауда екендігін жеткізді.
Шардара аудандық ТЖБ басшысының м.а А.Сатбаев, шалғай елді мекендерде өртке жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, дала өртінің алдын алу мақсатында Достық және Сүткент ауылдарында өрт сөндіру деполарын құру қажеттігін айтты.
Шардара орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Қ.Сарбасов, Шардара ауданының орман қоры 3 орманшылықтан тұрады, жалпы ауданы 891 523 га, оның 415 331 га орман. 2026 жылға өрт қауіпін алдын алу жоспары бекітілді. Қызметкерлер 40 сағаттық оқытудан өтті, мектептер мен ауылдарда ерікті өртке қарсы командалар жасақталды. 78 бильборд пен аншлаг орнатылып, заңды және жеке тұлғаларға өрт қауіпсіздігі ережелері таратылды. Қажет болған жағдайда арнайы техника дайын тұрғанын баяндады.
Аудан әкімінің орынбасары, жұмыс тобының төрағасы Е.Каратунов жауапты мамандарға көктемгі су тасқыны мен өрт қауіпі кезеңіне дайындық жұмыстарын күшейту, жауапты мекемелердің үйлесімді әрекетін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1167710?lang=kk

Добавить комментарий Отменить ответ