АУҒАН СОҒЫСЫ: ТАРИХ ЖӘНЕ ТАҒЫЛЫМ

Опубликовано:

Автор:

в категории

АУҒАН СОҒЫСЫ: ТАРИХ ЖӘНЕ ТАҒЫЛЫМ

Руханият Әбу Насыр әл-Фараби музейінде 15 ақпан – Кеңес Одағы әскерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай тағылымы мол іс-шара ұйымдастырылып, ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Тағылымды кездесудің басты мақсаты – тарихи кезеңнің ақиқатын жас ұрпақ санасына сіңіру, ел үшін от кешкен ерлердің ерлігін ұлықтау және Отанға деген адалдық пен патриоттық рухты дәріптеу болды.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы, AMANAT партиясы Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркеғали Таңатаров, ауған соғысының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері және аудан жастары қатысты. Кездесу барысында ерлік пен елдік, батырлық пен тағдыр, бейбіт өмірдің қадірі туралы тағылымды ойлар айтылды.
Іс-шараның ашылуында Айдос Құлмаханұлы бұл күннің тарихи маңызына кеңінен тоқталып, жат жерде қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етті.
Ол өз сөзінде: – Ауған соғысы – талай шаңыраққа қайғы әкелген, жүректерге жазылмас жара салған кезең. Ел үшін антқа адал болып, борышын өтеу жолында жанын қиған азаматтардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі бейбіт өмір – сол батырлардың жанқиярлығының нәтижесі, – деп атап өтті. Сонымен қатар ардагерлерге ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық тілеп, жас буынды елжандылыққа тәрбиелеудің маңызын айтты.
Жиын барысында AMANAT партиясы Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркеғали Таңатаров сөз алып, ауған соғысы тарихтағы ауыр әрі тағдырлы кезеңдердің бірі екенін жеткізді. Оның айтуынша, 1979–1989 жылдар аралығында он жылға созылған бұл соғыс ХХ ғасырдың ең қасіретті белестерінің бірі ретінде тарихта қалды. Мыңдаған жас сарбаз жат жерде қаза тауып, талайы жарақат алып, өмірлік сынаққа тап болды. Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 37 жыл толып отыр.
Сондай-ақ «Отырар аудандық ауған соғысының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Айтжан Жалғасбайұлы сол бір күрделі кезеңдерді еске алып, майдан даласындағы қиындықтар мен сарбаздар арасындағы бауырмалдық туралы тебірене әңгімеледі. Ол Қазақстаннан 22 мыңнан астам жауынгер аттанғанын, олардың жүздегені ерлікпен қаза тауып, мыңдағаны елге жаралы оралғанын атап өтті. Ардагер бейбіт өмірдің бағасын білу, тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті міндеті екенін айтты.
Кездесу барысында жастар тарапынан сұрақтар қойылып, ардагерлер өз естеліктерімен бөлісті. Мұндай тағылымды басқосулар өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, елге қызмет етудің мәнін терең түсінуге жол ашады.
Іс-шара соңында ардагерлерге аудан әкімдігінің арнайы алғыс хаттары мен естелік кәдесыйлар табысталып, қатысушылар естелік суретке түсті. Тағылымды жиын ерлікке тағзым, тарихқа құрмет ретінде есте қалды.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-mayakum/press/news/details/1163089?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *