Бүгін аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілісте аудан аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жай-күйі мен Шардара қаласының кәріз жүйелерінің жағдайы қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Е. Каратунов баяндама жасап, аудан аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды тастауға арналған 11 полигонның жұмыс істеп тұрғанын айтты. Оның ішінде 9 полигон аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгерімінде болса, 2 полигонды күтіп-ұстау жеке кәсіпкерлердің сенімгерлік басқаруына берілген. Қазіргі таңда 3 полигонда талаптарға сәйкестендіру мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қалған полигондарды нормативтік талаптарға сәйкестендіру үшін 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау барысында қаржы бөлуге ұсыныс енгізілді. Кезең-кезеңімен жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру арқылы полигондарды талапқа сәйкестендіру қамтамасыз етіледі.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша да аудан әкімінің орынбасары Е. Каратунов баяндап, Шардара қаласын орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. 2013 жылы қаладағы кәріз жүйелері қайта құрылымдаудан өткізіліп, 31,9 шақырым кәріз желілері жаңартылған. Сондай-ақ, 2022–2023 жылдары Қызылжар, Майқала, Абай, Ақбала шағын аудандарында кәріз желілерінің құрылысы жүргізілген. Алайда қазіргі таңда аталған аумақтарда бірқатар кемшіліктер анықталып отыр. Осыған байланысты мердігер мекемеге қатысты Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына нысанды толық қалпына келтіру және іске қосу жөнінде талап арыз жолданды. Сонымен қатар, «Шардара сервис» МКК тарапынан кәріз желілерін жуу жұмыстары жүргізілетін болады.
Бұдан бөлек, аппарат мәжілісінде жауапты сала мамандарынан Қоссейіт ауылдық округіндегі газ жүйесінің құрылысы, қаладағы шағын өндірістік аймақ, ауыз су нысандары, жол инфрақұрылымы, егіс жұмыстары, суды үнемдеу технологияларын енгізу, «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асуы, сондай-ақ қалаға кіреберістегі баннерлерді жаңарту мәселелері бойынша ақпараттар тыңдалды.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Арман Романұлы берілген тапсырмалардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ анықталған кемшіліктер бойынша нақты жұмыстар жүргізуді жауапты мамандарға тапсырды.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1162503?lang=kk

Добавить комментарий Отменить ответ