Созақ ауданында орналасқан «Мыңжылқы» мәдениет сарайында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған «Сталкингті тоқтат!» атты форум–диалогі ұйымдастырылды.
Форум барысында сталкингтің қоғамға төндіретін қаупі, оның түрлері мен салдары кеңінен талқыланды. Мамандар сталкингтің мазаны алатын хабарламалар мен қоңыраулардан басталып, психологиялық қысым мен нақты қауіпке ұласуы мүмкін екенін атап өтті. Адамның жеке өміріне қол сұғу, жүйелі түрде қудалау – зорлық-зомбылықтың бір түрі екені түсіндірілді.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы қауіпсіздік – әрбір азаматтың айнымас құқығы екенін атап өтіп, қоғам болып құқық бұзушылықтың алдын алудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, құқық қорғау саласының өкілдері қолданыстағы заңнамаларға енгізілген өзгерістер туралы айтып, 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасында сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік заң жүзінде енгізілгенін жеткізді.
Форум аясында сталкинг туралы арнайы бейнеролик көрсетіліп, қатысушыларға түсіндірме брошюралар таратылды.
Добавить комментарий