ТҮРКІСТАНДА МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН РУХАНИ КЕШ ӨТТІ
Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Түнгі кітапхана» жобасы аясында қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына орай «Тула жүрек» атты поэзия кеші өтті. Іс-шараның басты мақсаты – Мұқағали поэзиясы арқылы оқырман жүрегіне жол тауып, ақынның рухани мұрасын заманауи форматта насихаттау және жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.
Шара әсерлі қойылыммен басталып, қатысушылардың назары бірден оқырман жүрегіне жол табатын поэзияның терең әлеміне ауды. Кешті ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Сайлаухан Жоланов жүргізді.
Кеш барысында ақынның сыршыл, терең мағыналы өлеңдері оқылды. «Болашақ» колледжінің студенттері мен «Ұлттық ұлан» 5574 әскери бөлімінің сарбаздары арнайы дайындаған жырларын мәнерлеп оқып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар ашық микрофон форматында еркін пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар Мұқағали поэзиясындағы адам, махаббат, өмір және туған жер тақырыптары төңірегінде ой бөлісті.
Әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың поэзия кешіне қатысуы шараның мазмұнын байытып, олардың рухани дамуына және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
Кеш соңында кітапхана директоры Жанат Сәдәбекқызы жүрекжарды лебізін білдіріп, шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан қадірлі қонақтарға және кітапхана ұжымына алғысын білдірді.
«Түнгі кітапхана» жобасы алдағы уақытта да жалғасып, түнгі тыныштықта жыр мен ойды тоғыстырған мазмұнды кештермен оқырман қауымды қуанта бермек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kogamdyk-damu/press/news/details/1158224?lang=kk

Добавить комментарий Отменить ответ