
Отырар ауданы әкімдігінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылауға және түсіндіруге арналған аудан активінің кеңейтілген мәжілісі өтті.
Аудан әкімінің орынбасары А. Құлмаханов төрағалық еткен жиында елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды конституциялық реформалардың мән-маңызы мен мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртудағы айрықша рөлі жан-жақты сараланды.
Мәжілісті ашқан Айдос Құлмаханұлы бұл өзгерістердің ел болашағы үшін тарихи маңызы бар екенін айтып, мемлекеттің жаңа белеске көтерілуі жолында әрбір азаматтың жауапкершілігі жоғары екенін жеткізді. Ол өз сөзінде алдағы уақытта Қазақстан халқы «Бір ел – бір мүдде – бір ұлт» қағидаты аясында жұдырықтай жұмылып, стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлесе күш жұмсауы қажеттігіне баса назар аударды.
Сонымен қатар, конституциялық өзгерістердің қоғамдағы азаматтық институттардың рөлін арттырып, мемлекет пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтуға негіз болатыны айтылды.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында Ата Заңға өзгерістер енгізу қажеттігіне тоқталса, ағымдағы жылдың 20 қаңтарында Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында осы бағытта нақты міндеттер жүктеген болатын.
Президент атап өткендей, мемлекеттілікті нығайту мен тәуелсіздікті сақтау – жаңадан құрылатын Қазақстан Халық кеңесінің алдына қойылған басты стратегиялық міндет. Бұл бастама қоғам сұранысына сай заманауи талаптарға толық жауап беретін, әділетті әрі құқықтық мемлекеттің іргетасын одан әрі бекемдеуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Мәжіліс қорытындысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын әрбір ауыл округінде, еңбек ұжымдарында кеңінен түсіндіру бойынша нақты жұмыс жоспары бекітілді. Жиын соңында аудан басшылығы қоғам өкілдерін елдік істе белсенділік танытып, мемлекеттік маңызы бар бастамаларға қолдау көрсетуге шақырды.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-qogam/press/news/details/1158098?lang=kk

Добавить комментарий