ТҮРКІСТАНДЫҚ ТАЕКВОНДОШЫЛАР ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА 11 МЕДАЛЬ ЕНШІЛЕДІ
Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде таеквондодан (WT) жастар арасындағы ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген үздік спортшылар қатысқан дода тартысқа толы жекпе-жектермен ерекшеленді. Түркістан облысының жас таеквондошылары өңір намысын абыроймен қорғап, жалпы есепте 5 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль еншіледі.
Атап айтқанда, 42 келіде сынға түскен Шахризада Акрамова, 68 келіде Балгерім Өтеген, 46 келіде Сұлу Абибулла алтын медальді қоржынға салды. Сондай-ақ, Бекзат Ғазиз 78 келіде және Нұрсат Құттыбай 68 келіде ел чемпионы атанды. Ал, Нұрислам Төлепбергенов 45 келіде, Жаншуақ Нәлібай 59 келіде, Нұрсәт Құттыбай 68 келіде, Маханбетәлі Бекбау 78 келіде күміс медальді қанжығасына байлады. Сонымен қатар, Нұрай Сейдазова 44 келіде және Бегжан Жанболат 45 келіде қола медальді қанағат тұтты.
Ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысынан 709 жас спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Түркістан облысының намысын бұл жарыста 71 таеквондошы қорғады. Айта кетейік, чемпионатта жеңімпаз атанған спортшылар сәуір айында Ташкент қаласында өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғайтын болады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kogamdyk-damu/press/news/details/1157683?lang=kk

Добавить комментарий Отменить ответ